АҚШ-та көзілдірікті алмастыра алатын препарат мақұлданды

АҚШ-та көзілдірікті алмастыра алатын препарат мақұлданды

             Америкалық азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы жас мөлшеріне байланысты көру қабілеті нашарлауын емдейтін алғашқы дәріні мақұлдады. Көз тамшылары Vuity деп аталады.

             Көз тамшыларын толыққанды дәрі деп атауға келмейді. Мақұлданған препарат көру қабілетін толық емдемейді, тек басты белгілерін уақытша жояды. 

             Бұған қарамастан сарапшылар революциялық препарат деп бағалады. Себебі көз тамшыларын пайдалану егде жасқа келген азаматтарға көзілдіріксіз кітап оқуға немесе компьютермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 

            Препарат құрамындағы зат дәрігерлерге бұрыннан белгілі және көз ауруларын емдеуде ХІХ ғасырдан бастап қолданылып келеді.

           Көзілдіріксіз және хирургиясыз

            Көру қабілетіндегі жас мөлшеріне байланысты өзгерістер – шаш ағару және әжім түсу секілді қартаюдың негізгі белгісі. Пресбиопияны әр екінші егде жасқа келген адамда байқалады. 

            Пресбиопияның неліктен пайда болатыны әлі анықталмаған. Бірақ 40 жастан асқан соң көру қабілетінің нашарлай бастайтыны белгілі. Көз бұршағы иілгіштік қабілетінен айырылғандықтан, жақын маңдағы заттарды көру қиынға соғады. 

            Әсіресе ол кітап оқу кезінде және компьютермен жұмыс істеуде кедергі келтіреді. Сондықтан 40 жастан асқандардың көпшілігі көзілдірік таға бастайды. Тек кей жағдайда ғана науқасқа хирургиялық жолмен ота жасау ұсынылады. Енді көру қабілеті нашарлаған америкалықтарға үшінші жол – дәрі-дәрмек арқылы ауру белгілерін жоюды ұсынады. 

            FDA мақұлдаған Vuity көз тамшылары қарашықты кішірейтіп, жақыннан жақсы көруге мүмкіндік береді.

            Клиникалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тамшылар 15 минутта әсер етеді. Ал максималды тиімділігі 1 сағатан соң байқалады. Әсер ету ұзақтығы 6-7 сағаттан аспайды. 

            Препарат өндірушілерінің сөзінше, дәрі 40-55 жас аралығындағы науқастарға жақсы көмектеседі. 

            Дәрі қолданған соң бас ауруы және көздің қызаруы туындауы мүмкін. Мұндай кері әсерлер зерттеуге қатысқан әр 20 адамда байқалған. Сонымен қатар еріктілер бейненің анық болмайтынына, көздің жиі жасаурайтынына шағымданған. Алайда препаратта тамшыларды қолданған соң көлік жүргізуге кеңес берілмейтіні жазылған. 

           Өндіруші компания емдеудің толық бір курсы 79 доллар тұратынын хабарлаған. 2,5 мл болатын құты шамамен бір ай қолдануға жетеді. 

           Препарат құрамындағы белсенді зат – алкалоид пилокарпинді көз ауруларын емдеу үшін 100 жылдан бері қолданылып келеді. 

STAN.KZ