Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына 670 мың теңге айыппұл салынды. Мәдени нысанның маңдағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары санэпидемиологтарға шағымданған.
Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік музей - еліміздің бірегей мәдени нысаны. Мұражайда 25 мыңнан астам экспонат сақталған. Тек өткен аптадан бастап мұражай қызметкерлері қызметін бұрынғыдай орындай алмауда. 45 жыл тұрған тарихи нысанның жанында жаңадан салынған тұрғын үй кешенінің тұрғындары мұражайдың шулы кондиционерлеріне шағымданды. Нәтижесінде санэпидемиологтар ғимаратқа 670 мың теңге көлемінде айыппұл салып, 30 күн ішінде шудың жойылу керектігі туралы хабарлама қалдырды.
Мұражай қызметкерлері болса музейдің шұғыл қажеттіліктері кондиционерлердің жұмысына мұқтаж екенін айтады.
«Бұл кез келген мұражайдың міндетті шарты, өйткені мұражай бөлмелерінің температурасы 18-20 градус болуы керек. Бұл шаралар сақталмаса, экспонаттар зақымдана бастайды. Біз бұл бағалы мәдени ескерткіштердің зақымдануына жол бере алмаймыз», деп түсіндірді Қастеев мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Светлана Көбжанова.
Мұражай қызметкерлері жаңа үй салынғанға дейін құрылысқа қарсы болғанын айтады. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы тұрғын үй кешені барлық талаптарға сай салынғанын мәлімдеді.
Мұражай қызметкерлері жұмысын қалай жалғастырарын білмейді. Кондиционерлер өшірілсе, ондаған мың экспонаттар қауіп-қатерге ұшырап, құндылығынан айырылады.
egemen.kz
сурет ғаламтордан алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через