Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы биыл да жалғасын табады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бедеулік салдарынан отбасылық жұптардың 20%-ы ажырасып жатқанына, отбасылық-демографиялық жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Былтыр осы бағдарлама арқылы 7000 әйелге қосалқы репродуктивтік технологиялар қолжетімді болды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Белгілі болғандай, аталған бағдарлама мыңнан астам отбасыға бақыт сыйлаған.
Нәтижесінде 3 000-нан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынды, 1307 отбасында көптен күткен 1560 бала дүниеге келді. Бұл бағдарлама «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жалғасатын болады, - деді министр.
Айта кетерлігі, елімізде 29 экстракорпоралдық ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді. МӘМС шеңберінде осы мемлекеттік қызметті 18 клиника көрсетеді. Оның ішінде, үшеуі - мемлекеттік, 15-і – жекеменшік емхана.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің бас дәрігері дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін жүктілікті жоспарлау маңызды екендігін айтқан болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через