фото: elamed
Ангина салдарынан ревматизм, бүйрек, буын аурулары пайда болады
Көктем мезгілінде, климаттың ауысынан тамақ аурулары, оның ішінде ангина ауруы жиі бас көтереді. Тыныс алу жолдарын қабындырып, ағзаны әлсірететін ангинадан қалай сақтануға болады?
Әлдебір жағдайда сырқаттанған адамнан: «Бұрын қандай аурулармен ауырдыңыз? – деп сұрай қалсаңыз ол: «Соншалықты айта қоярлықтай күрделі аурумен ауырғам жоқ» — деп жауап береді. «Дегенмен есіңізге түсіріңізші» деп өтінсеңiз ғана: «Тек ангинамен (ангинамен) жиі ауырамын. Кей уақытта ептеп тұмауратып қана қоямын. Ал сондай айта қоятын күрделі аурумен ауырғаным жоқ», – дейтіні бар. Мұндай жауапты дәрігерлер өзінің күнделікті тәжірибесінде жиі естиді. Сонымен күнделікті өмірде, адамдардың ангина ауруына қалай болса солай қарайтыны байқалады. Тіпті осы күрделі емес аурудың салдарынан ауыр халге: ревматизмге, бүйрек, буын ауруларына шалдығуға болады. Сөйте тұра адамдар бұл ауруға соншалықты мән бермейтіні өкінішті.
Ангина – ертеден белгілі аурулардың бірі. Дегенмен осы «белгілі» ауру қазіргі уақытта адамдар арасында жиі кездеседі. Яғни тұмаудан кейін екінші орында тұр. Бұған жоғарыда айтылған ауыр асқынуларды (ревматизм, бүйрек, буын аурулары ) әкеліп соқтыратындығын қоссақ оның жай күрделі ғана емес, сонымен бірге өте күрделі ауру екендігі даусыз. Сондықтан, әрбір адамның бұл аурудың пайда болу себептерін, оның алғашқы белгілері мен емделу, одан сақтану шараларын және ауырған адамдарды қалай емдеу жолдарын білулері керек. Ангина жұқпалы ауруларды бірі. Онымен үлкендер де, балалар да ауырады. Ол қалай пайда болады? Бұл істе қоздырғыш микробтардың үлкен әсері бар. Олар: стрептококк, стафилококк, тағы басқа микробтар. Бұл қоздырғыш микробтар ауырған адамдардың жұтқыншағында сау кездерінде де бола береді. Ал ауырған кезде олар бірнеше есе көбейіп кетеді. «Егер ауырмаған адамның жұтқыншағында осы қоздырғыштар жай уақытта кездесетін болса, онда адам неге ангина мен ауырмайды?» – деген орынды сұрақ тууы мүмкін. Іс жүзінде қоршаған ортаның әр түрлі зиянды әсер ететін ықпалына, әсіресе денеге әр түрлі аурулардың қоздырғыш микробтарының енуіне байланысты адам денесінде қарсылық күш деп аталатын, яғни дененің қарсылық көрсететін қабілетін көтеретін бейімделу пайда болады. Бұл қарсылық көп жағдайларда әр түрлі қоздырғыш микробтармен күресте адам организмін жеңіске жеткізеді.
Егер адам денесінің қарсылық күші нашарласа, онда жұтқыншақтағы микробтар ауруды қоздыра алмайды. Адам ангинамен организмнін қарсылық күші әлсіресе, микробтарға қарсылық көрсететін қабілеті нашарласа ғана ауырады. Бұл жағдайда адам денесінде қоздыргыш микробтардың саны көбейіп, организмнің қарсылық күші жеңеді. Сөйтіп, әр түрлі ауруларды, соның ішінде ең алдымен ангина ауруын қоздырады. Сондықтан әрбір адам өз организмінің қарсылық көрсету күшін сақтай білгені жөн. Бұл үшін ол қарсылық күшті жоятын, немесе нашарлататын себептерді жақсы білуі қажет. Бүкіл организмнің, немесе қолдың, аяқтың, тамақтың қатты салқындауы организмнің қарсылық көрсету күштерін, нашарлатуға себепкер болады. Ангинамен ауырып дәрігерге келгенде, ауырған адамдардың көпшілігі сырқаттанар алдында жеңіл киіммен далаға шығуы, суық су, сыра, арақ ішкендігі белгілі болады. Ал балалар көбіне (балмұздақ жегендіктерін естеріне алады.
Coнымен бірге әр түрлі теріс әсер ететін өндірістік жағдайлар да дененің қарсылық ету күшін азайтады. Әсіресе ауа температурасының өзгеруі, ауаның шаң-тозаңды болуы адам организмінің қарсылық күшін әлсіретіп, қоздырғыш микробтардың көбеюіне жол береді. Ангинаның шығуына мұрын мен оның маңайындағы қуыстардың талаурап ауруы да себепкер болады. Әдетте мұрын арқылы дем алғанда ауа тазарады, жылынады. Сонымен бірге дымқылданып барып жоғарғы тыныс жолдарына өтеді. Ал мұрын мен оның қуыстары тарылып ауырып, дем алу қиындаса онда адам ауыз арқылы дем алып, суық ауа жұтқыншақ арқылы өтеді. Сөйтіп ауа дұрыс тазармайды, жылынбайды және оның үстіне дымқылданбайды. Сөйтіп жоғарғы тыныс жолдарының әр түрлі ауруларына немесе ангинаға әкеліп соқтырады.Үнемі өзгермейтін бір тектес тамақ ішу, әсіресе дәрумендердің жетіспеуі, әр түрлі жұқпалы аурулар организмнің қарсылық күшін азайтып, адамды әлсіретеді. Алғаш жұтқыншақта бірдеңе тұрғандай болып, тамақ жұтқызбайды. Сонымен бірге бас ауырады, адамның жүзі солғын тартып әлсіздік пайда болады, дене қызуы алғашқы күннің өзінде 38-39 градусқа жетуі мүмкін. Кей жағдайда дене түршігіп, ауырған адам төсекте жатып-ақ, жылы орануға тырысады. Екінші, үшінші күндері тамақ бұрынғыдан гөрі қаттырақ ауырып, сонан соң ауырғаны ептеп қайтуы мүмкін.
Ал, кейде тамақ тiптi қатты ауырып, ұйқы бермеуі де, тамақ ішуден қалдыруы да мүмкін. Ауырған адамның аузында сілекейі көбейіп, даусы қарлығады, сөйлеген сөзі түсініксіз болады. Тамақ бездері шошып, оларды ептеп қолмен сәл басса ауырады. Әдетте ауырмаған адамның жұтқыншағын қарасаңыз онда екі жағында тұрған бадамша (жұтқыншақ бездер) деп аталатын бездерді көресіз. Олар қызғылттау келген сілекейі қабықтармен жабылған. Бұл бездердің көрініп тұрған беттері біркелкі емес, бүршік-бүршік болып келеді, ал бүршіктердің арасында тесік болады. Ол тесіктер бадамша бездердің өн бойына кетеді. Бұл саңлауларда әдетте микробтар мен әр түрлі тамақтардың қалдықтары тұрады. Міне осы бадамша бездердің талаурауы ангинаның негізгі белгісі болып саналады. Ангинамен ауырған адамның жұтқыншағын қарасаңыз, онда бадамша бездердің ісініп, үлкейіп қызарғанын көресіз. Кейде бездердің қызарып көрініп тұрған беттерінде тарының дәндеріне ұқсас сарғылт ақ дақтар пайда болады, олар ұсақ іріңдер. Осы ұсақ іріңдер бірте-бірте үлкейіп жарылады да, бадамша бездердің бетінде сұрғылт ақ түстес жол-жол бозамықтар пайда болады. Еске сала кететін бір жай – осы айтылған өзгерістер, тек бадамша бездердің бетіне шығып көршілес тіндерге таралса, онда ол басқа жұқпалы аурулардың алғашқы белгілері болуы мүмкін. Егер ауырған адам дер кезінде дәрігерге қаралып емделетін болса, онда жоғарыда айтылған бадамша бездердің бетіндегі дақтар мен бозамықтар екі-үш күннің ішінде сал болады да, ауру асқынбай, сәтті аяқталады. Ал дер кезінде дәрігерге қаралмаған, емделмеген жағдайда сырқат ауыр түрде өтеді, асқынып, жүректі, бүйректерді, буындарды, тағы басқа да органдарды ауруға шалдықтырады. Сондықтан аурудың бірінші белгілері, тіпті аурудың жеңіл түрінің өзі асқынуға әкеліп соғуы мүмкін, екіншіден, бадамша бездерінің талаурауы басқадай жұқпалы ауруларда байқалатындықтан, ол ауруды уақытында анықтап, оның таралып кетпеуі үшін алдын ала шара қолдану қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через