Аңғал елге дүмше емші

Аңғал елге  дүмше  емші

Аңғал елге  дүмше  емші

Медицинаға сенім жоғалғанда, ел мистикаға жүгінеді. Мұндайда халықтың баратыны бізде – емшілер мен хиджама жасаушылар, Африкада – шамандар, дамыған елдерде – гомеопаттар. Қазақ халқы ғасырлар бойы емші, дуашы, бақсы-балгер арқасында емделіп келді. Ал қазақы ем дәстүрінің үзіліп қалуы және алаяқ-көзбояушының көбеюі емшілік беделіне дақ түсірді.

«Өркендеуде артта қалған мемлекеттердің халқы емшіге көп жүгінеді» деген тұжырым бар. Шынында, озық дамыған елдерде де халықтың үлкен бөлігі дәстүрлі емес медицинаға сенеді. ДДСҰ дерегінше,  басқаша  «баламалы» деп аталатын конвенциалды емес медицина қызметтеріне, гомеопатияға АҚШ-та пациенттердің 42%-ы жүгінген. Францияда бұл көрсеткіш – 75%, Канадада – 70%, Австралияда – 48%. Бельгияда дәрігерлердің 84% өз тәжірибесінде кем дегенде бір рет сырқатты дерттен айықтырудың балама тәсілдерін қолданған.

Қазақстанда баламалы ем түрлерін ешкім бақыламайды. Біраз жыл бұрын бұл саланы мемлекеттік реттеу жойылды. Нарықтың қадағалаусыз қалғанын біліп, көрші қырғыз, өзбек және басқа елдерден өзін емші атағандар ағылып келді елімізге.

Мемлекет реттегені жөн

Тәжірибелі анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ғабит Рысбаев Шығыс медицинасы бойынша да оқып, терең білім алған. Ол «халық емшілерінің ауруларға диагноз қойып, емдеуіне тыйым салу керек» деп санайды.

«Мені алаңдататыны: бүгінде емшілер, хиджама жасаушылар көбейіп кетті. Қазір қойшы да, шаштараз да – хиджамашы. Себебі мемлекет тарапынан тексеріс жоқ, тыйым жоқ. Көбіне медициналық білімі болмағандықтан, олар науқастарға зиянын тигізіп жатыр. Асептика, антисептика шараларын дұрыс жүргізбеген соң, науқастар жұқпалы дертке душар болады. Бақылаусыз қан алынғандықтан гиповолемиялық шокқа түсу қаупі туады. Өкінішке қарай, ондай емдеудің кейбірі қайғылы аяқталып та жатыр. Ендеше халық емшілеріне диагноз қойып, елді емдеуіне тыйым салу қажет», – дейді Ғабит Нұрханұлы Денсаулық сақтау министрілігіне жазған хатында.

Ол «халық емшісімін» дейтіндердің не істеп жүргенін білетінін жеткізді.

«Олардың диагнозы суықтың көтерілуі, ыстықтың тасуы, көз тию секілді болып келеді. Бұрынғы шаштараз, аспаз қолына скальпель ұстап, «дәрігер емдей алмаған қан қысымыңды емдеп берем» деп жар салып жүр. Неге оларды бетімен жіберген? Олай болса, барлық мединституттарды жауып, емдеу ісін емшілерге берейік. Халық емшілерін де ретке келтіретін уақыт жетті. Қазақы еммен айналысқысы келетіндер тек Денсаулық сақтау министрлігінің лицензиясымен жұмыс істеуі керек. Себебі азаматтардың денсаулығына министрлік тікелей жауапты», – деді тәжірибелі дәрігер.

Ол ведомствоға нақты ұсынысын айтты. Біріншіден, емшілерге науқасты емдеуге рұқсат беретін «Халық емшісі» ЖШС сияқты мекемелер тексерілуі қажет. Екіншіден, хиджама, қан шығару, сүлік салу сияқты қанмен байланысты емдеу түрлерін тек дәрігерлер жасауы тиіс. Үшіншіден, Ішкі істер министрлігі елді алдап, азаматтардың басын өлімге байлап жүрген алаяқтарды құрықтау және заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою бағытында пәрменді шаралар жүргізгені маңызды. Өйткені көзбояушылар халықтың наразылығын  өршітеді.

Қазіргі уақытта халық емшілерінің қызметін бағалау мен бақылау жоқтың қасы. Оның үстіне, олар қолданатын «сауықтыру» тетіктері ғылыми әдістермен өлшеуге және зерттеуге келмейді екен.

Қазақстанда медициналық массаж, гирудотерапия, ине салу, психотерапия да дәстүрлі медицинаға жатқызылған, бірақ онымен айналысатындардан медициналық білімінің болуы талап етіледі. Ал хиджама – қан шығару жолымен емдеу әдісі медициналық қызмет түріне жатпайды. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алдау-арбауға ермеуге шақырады.

Авторы: Айхан Шәріп 

 Мақала : Айқын  кз сайтынан алынды