Алматының арық жүйелері қалпына келтіріледі. Бұдан былай қаланы су баспайды

Алматының арық жүйелері қалпына келтіріледі. Бұдан былай қаланы су баспайды

Алматыда басым бөлігі істен шыққан коллекторлар қызметі қалпына келтіріледі. Мұнан бөлек, бірқатар учаскіде арық желілері кеңейтіледі. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінің мамандары Standard.kz тілшісінің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

11 мамырда Алматыда жауған нөсер жауын қаланы шайып кетті. Алматылықтар жаңбыр салған әлекті таспаға түсіріп әлеуметтік желілерде жариялады. Нөсер салдарынан көшелер ғана емес, автотұрақтар, жерасты өткелдері бүлінді.  

  Алматыда суағызатын 16 арна-коллектор бар. Алайда оларды 12-сі істен шыққан. Барлығы бітеліп қалған. «Арық желілерін қалпына келтіру» жобасы аясында қаланың батыс бөлігінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Алматының орталығы мен қаланың шығыс бөлігінде қалпына келтіру жұмыстары алдағы тамыз айында басталады. Жасыл экономика басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Әділбаев осындай дерегімен бөлісті.

Алматының барлық сегіз ауданында су басудың алдын алу үшін инертті материалдар дайындалды. Қазселденқорғау мекемесі бақылауды күшейтті. Суды кедергісіз ағызу және сорып алуды қамтамасыз ету үшін 609 адам, 252 бірлік арнайы техника және 24 мотопомпа жұмылдырылды. Құм салынған 2050 қап дайындалды. 

Алматыда алғаш рет әкімдіктің тапсырмасы бойынша арық жүйесіне түгендеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша арықтардың жалпы ұзындығы 1525 шақырым екені анықталды. Оның ішінде:

• аудан әкімдіктеріне қарасты 1138 шақырым;

• аулалар аумағында – 245 шақырым;

• саябақ аймақтарында – 60 шақырым.

Зерттелген арықтардың әр метрі ГАЖ жүйесінде көрсетілген. Интерактивті картаның көмегімен Алматыдағы арықтардың жай-күйі, орналасуы бойынша өзекті деректерді көруге болады. Қай көшеде, жолдың қай жағында, бағыты мен теңгерімінде арық бар, оның ені, ұзындығы және басқа да сипаттамалары көрсетілген.

Бүгінгі таңда арық желілерін ғана емес, жалпы су шаруашылығы жүйесін тиімді басқаруға жауап беретін қала бойынша барлық су шаруашылығы нысандарын басқарудың бірыңғай операторын құру ұсынылып отыр.

Түгендеу нәтижелері бойынша арық желісін қайта құру жобасы жасалды. Жалпы ұзындығы 376 шақырым, оған проблемалық учаскелер кіреді. Жұмыстар зерттеу және әзірлеу сатысында, содан кейін жөндеу басталады. Бірінші кезеңде қаланың батыс бөлігінде (Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандары) 120 шақырым арық қайта жаңарту мен жөндеуге түседі. Биыл кезең-кезеңмен жоспарлау үшін қаланың орталық және шығыс бөлігінде жұмысты бастау жоспарланған.

Қосыша ақпаратты ұсына кетсек, Алматы қаласында «Көктем-2022 республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Негізгі жаттығу жұмыстары Алатау ауданында «Қарғалы» өзенінің жағасында жүргізілді. Өзен арнасының түбі тереңдетіліп, қатты-тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл су ағынын жылдам өткізуіне мүмкіндік беріп, аудандағы 57 жеке тұрғын үйді су басу қаупінен қорғайды. Оқу-жаттығу қаланың қалған 7 ауданында да өткізілді. Оның аясында өзен арналары мен арық жүйелері қатты-тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Барлығы 42 шақырым өзен арналары тазартылып, 520 текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Фото: inbusiness.kz,  nur.kz