Мыңдаған адам құрбан болған Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінен кейін алматылықтарды қаланның сейсмикалық қауіп мәселесі алаңдата бастады. Бұл заңды, себебі Алматы 10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жер асты дүмпулері болады. Бұл ретте магнитудасы 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі қала үшін фондық режим. Мегаполис арқылы 30-ға жуық тектоникалық жарық өтеді, оның 60%-дан астамы таулы аймақта орналасқан. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетовтан тектоникалық жарықтарда үй салуға бола ма, онда тұру қаншалықты қауіпті, сонымен қатар мегаполистің қай аудандары қауіпті аймақта орналасқан деп сұрады.
Спикердің сөзінше, осыдан 40 жыл бұрын 1983 жылы Сейсмология институты қаланың ең сейсмикалық қауіпті аймақтарын көрсететін Алматының бірінші ғылымға негізделген сейсмикалық микроаудандау картасын жасап шығарды.
«Өзім сол карта авторларының бірімін. Ол кезде 10-15 жыл бойы жүргізілген ғылыми-практикалық зерттеулер нәтижесінде жарықтар анықталды. Қосымша нақтылау үшін картадағы кейбір ақауларды нүктелі сызықтармен белгіледік. Қала аумағында тектоникалық жарықтар Верненский (1887) және Кеминский (1911) жер сілкіністері кезінде пайда болды, ең үлкен қираулар болды. Жарық – жер сілкінісі кезінде ең үлкен сілкініс болатын жер қыртысының блоктарының шекаралары. Бұл аймақта ғимараттар мен құрылыстарды салуға қатаң тыйым салынады. Бұл жолақ құрылыстан бос болуы керек», - деді профессор. Айтуынша, Алматы қаласы терең «шұңқырда» орналасқан, бұл ойық Үлкен және Кіші Алматы өзендерінен ағып жиналған шөгінді тау жыныстарынан тұрады. Бұл деген, қала аумағында құрылыс орналасқан грунт өте әлсіз, ал мұндай әлсіз грунт сілкініс күшін 1-1,5 балға дейін жоғарылатады дегенді білдіреді.
«Кейінгі кезде қаланың әр бөлігінде белсенді құрылыстар жүріп жатыр, 20 қабатты үйлер салынуда, бұл деген әлсіз грунтқа салмақ түсіріп, әркелкі ауқымды деформациялар жүргізеді. Қалада салынған көпқабатты үйлер саны жылдан-жылға көбеюде, тіпті сол көпқабатты үйлер бір-бірімен иінтіресіп, былайша айтқанда «құшақтасып» тұрған орындар көп. Мұның келешекте егер апатты жер сілкінісі бола қалған жағдайда зардабы қалай болатыны айтпаса да белгілі. Жалпы алғанда, екі көпқабатты үйлер арасындағы қашықтық олар құлаған кезде бір-бірін басып қалмауы керек. Құтқарушы ірі техникалар, жедел жәрдем және басқа де техника өтетіндей болуы қажет. Алматыда 9 қабаттан жоғары үй салуға болмайды. 1970 жылдан бастап салынған панельді үйлердің сапасы едәуір жоғары деп айтар едім. Міне, Алматының қысқаша сейсмикалық сипаты осындай»,- дейді Әлқуат Нұрмағамбетов. Профессордың айтуынша, 2021- 2022 жылы Сейсмология институты басқа ұйымдармен бірлесіп, Алматы қаласын сейсмикалық микроаудандаудың жаңа картасын әзірлеген.
«Мен оны жасауға қатысқан жоқпын. Бірақ мен ол жерде жаңа жарық пайда болғанын көрдім, бірақ олар қайдан шықты, қаншалықты сенімді, қандай заманауи зерттеулердің негізінде көрсетіледі білмеймін. Жаңа картаны талқылаудың бірінде мен жаңа кемшіліктерге қатысты өз пікірімді айттым, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек», - деді ол.
Сонымен қатар ол Алматы бүкіл Орталық Азия елді мекендер арасында территориясында 10 балдық жер сілкінісінің қаупі бар жалғыз ғана қала екенін атап өтті. Күші 10 балл болатын жер сілкінісіне бірде бір жер үстіндегі адам қолымен тұрғызылған құрылыс төзе алмайды.
Алматы қаласының сейсмикалық микроаудандау жаңа картасына сәйкес, 9 баллдық аймаққа Алмалы және Әуезов аудандары кіреді, қалғандары 9-10 балдық аймаққа жатады. Сейсмикалық микроаудандау карталары 30 мыңнан астам халқы бар және МСК-64 (К) шкаласы бойынша алты және одан да көп сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан қалалардың, ірі елді мекендердің аумақтары үшін құрастырылады. Аталған карта- жобаланған өнеркәсіптік, гидравликалық және осы аумақтардағы сейсмикалық қарқындылықты анықтау мақсатында -жасалады.
Әлқуат Нұрмағамбетов қаласақ та, қаламасақ та сейсмикалық қауіпті аймақта жойқын жер сілкінісі болатынын тілге тиек етті.
«Жер сілкінісінің зардабын барынша қалай азайтуға болады? Бұл проблеманы шешудің үш түрлі жолы бар: сейсмикалық қауіптілікті нақты анықтау, құрылыс сапасын арттыру, сейсмикалық берік, жер сілкінісіне төзімді құрылыс салу және халық арасында апаттан сақтану шаралары туралы сауаттылықты арттыру. Сейсмикалық сауаттылықты арттыру – бұл халыққа тікелей байланысты. Зілзала апаты зардабының ауыртпалығы халықтың жаттығу дәрежесі мен әр адамның зілзала апатынан сақтану шараларын білу деңгейіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған абзал»,- дейді маман.
Жақында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжам айтқан болатын.
Оның сөзінше 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды.
Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев Алматыда 9 қабаттан биік ғимарат салуға тыйым салынатынын айтқан еді.
Қала әкімі атап өткендей, Бостандық ауданының негізгі проблемасы жаппай және нүктелі құрылыс болып отыр. Соңғы жылдары ауданда тұрғын үй құрылысының қарқыны әлеуметтік нысандар құрылысынан әлдеқайда асып түсті. Бүгінде Бостандық ауданында белсенді құрылыстың 6 алаңы бар. Мәселені жүйелі шешу үшін былтыр маусым айында қала құрылысы регламентіне толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде Абай даңғылынан оңтүстікке қарай және әл-Фараби даңғылынан солтүстікке қарай тұрғын үйлердің қабаттылығы 9 қабатқа дейін болуы белгіленді және әлеуметтік нысандар салу бойынша міндетті талап енгізілді.
Сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мегаполис 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқанын айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл негізінен қаланың таулы аудандары. Өзгелеріне қарағанда барынша қауіпсіз аудан – Түріксіб ауданы. Қалған Медеу, Бостандық аудандары, басқалары да плиталардың қосындысында орналасқан. Бұл орындарда қауіп айтарлықтай жоғары. Болжау деректері бойынша, 9 және одан да жоғары апаттық зілзала болған жағдайда тұрғын ғимараттары 30% дейін қирауы мүмкін.
Алматыда жойқын жер сілкінісі болған жағдайда баспанасыз қалған зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 пункт орналастырылатын болады. Олар уақытша орналастыруды жинауға, тіркеуге, зардап шеккен халықты қажетті заттармен (су, тамақ, азық-түлік) қамтамасыз етуге, көлікке отырғызуға және қауіпсіз аудандарға эвакуациялауға арналған. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері туралы толық ақпарат 2ГИС картасында, Алматы ТЖД мен әкімдіктің ресми сайттарында орналастырылған. Ол үшін іздеу жүйесіне «зардап шеккен халықты қабылдау пункттері» қосымшасындағы іздеу жүйесіне енгізу қажет.
Бұған дейін, шаһар басшысы Ерболат Досев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде Алматыда ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізілетіні туралы мәлімдеген болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через