Алматыда жаңа технологияның көмегімен апатты ағаштар анықталады

Алматыда жаңа технологияның көмегімен апатты ағаштар анықталады
фото: almaty.tv

     Биыл қала әкімдігі қауіпті, шіріген және ескі жасыл желектерді уақытылы жою және анықтау үшін заманауи құрылғылар сатып алады. Жасыл қорды жаңартуға қаражат Алматы қаласының Даму жоспарына сәйкес бөлінбек.

     Биыл, қала тұрғындары мен олардың мүлкінің қауіпсіздігі үшін 17 мыңға жуық ағаш кесіледі. Өзегінің және тамырының шіруі салдарынан олар кез келген уақытта өтіп бара жатқан адамдарға құлап кетуі мүмкін. Бірінші кезекте балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелердің жанындағы магистральдық көшелер қаралады. Ағаштарды кесу тізімі қалалық экология және қоршаған орта басқармасымен, сонымен бірге тұрғындар мен қоғам белсенділерінің өтініші бойынша жасалады. Сонымен резистограф құрылғысы ағаштардағы шіріген жерін және ішкі ойықтарын анықтай алады. Ал импульстік томограф тамыр жүйесінің зақымдануын және ағаштың нақты күйі мен өміршеңдігін анықтайды.

     Құрылғылар апатты ағаштарды кесу процесінде өте тиімді, бұл кейіннен қаладағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сонымен қатар қала инфрақұрылымы мен азаматтардың мүлкіне зиян келтірмеуге ықпал етеді.

     «Биыл апатты ағаштарды кесуге 35-тен астам техника – автокөтергіштер, самосвалдар және 180-нен астам адам жұмылды. Ықтимал қауіпті ағаштарды анықтау кезінде институттардың ғылыми қызметкерлерін тарта отырып, талдау жүргізіледі. Технология жұмысты жеңілдетпек. Алматының жасыл қала атауын қайтару үшін жұмыс жоспарлы істеліп жатыр. Апатты ағаштар кесіліп, орнына 10 жас ағаш егіледі», - деп хабарлады Алматы әкімдігінен. Былтыр Алматыдағы Баум тоғайында 3 311 ағаш апатты деп танылып, санитарлық кесуге жатқызылды. Олардың 500-і кесіліп, орнына жаңа ағаштар отырғызылды.

     Мамандар жүргізген зерттеулерге сәйкес, саябақтағы ағаштардың 30%-ы зиянкестер арқылы ауруға шалдыққан. Яғни, 3 311 ағаш өлі және апатты деп саналады. Сондықтан олар міндетті түрде санитарлық кесуге жатады. Санитарлық кесу – қорғаныш шарасы, себебі бұл ағаштар уақытылы кесілмесе, басқа сау ағаштарға ауру жұғуы мүмкін.

     Баум тоғайының аумағында 49 түрлі барлығы 104 500-ге жуық тал-дарақ бар. Оның 7 түрі қылқанжапырақты және 42 түрі жапырақты.

     Алматыда «Жасыл аула» акциясы аясында тұрғындарға көктем, күз айларында тегін көшет таратылады. Науқан барысында көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті әрбір алматылық шаған, үйеңкі, шегіршін, қайыңның көшеттерін тегін ала алады.

     Науқан қатысушылары отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптауға міндеттеледі. Биыл күзде 300 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көпшілік ағаштар Алатау және Наурызбай аудандарында отырғызылатын болады. Экология мамандарының айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасы бойынша бір адамға 30-50 шаршы метр жасыл кеңістік қажет. Біздің еліміздегі нормалар бойынша бір адамға 10 шаршы метр. Мысалы, Медеу ауданында бір адамға 17 шаршы метр, Алатау ауданында 5-7 шаршы метр деп есептеледі.

     Бұл мәселені жаңа саябақ, сквер, рекреациялық аумақтарды салу, су бульвары, су қоймасы, өзен арналары, автожолдардың бойын абаттандыру арқылы шешуге болады.

     Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу керектігін айтқан болатын. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суармалы судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек.

     Алматыда 136 саябақ бар. Олардың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек.

     ҚазАқпарат