Қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, жеңіл рельсті көлік желісінің ұзындығы 76 шақырымды құрайды. Ауқымды жоба құрылысы 2025 жылы басталып, заманауи трамвайдың жолы кезең-кезеңмен пайдалануға беріледі.
Шенеуніктер қатты жылдамдықпен жүретін трамвай желісіне қанша қаражат керек екенін есептеуге кірісті. Қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес алдағы 20 жылда ұзындығы 76 шақырымға созылатын жеңіл рельсті көлік желісі іске қосылады. Шаһардың батыс бөлігінен шығысына дейін жүйткитін трамвай желісінің құрылысы 2025 жылы басталып, оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру көзделген.
Бірінші кезекте ЛРТ желісін 2025-2030 жылдары іске қосамыз. Трамвай жобасының құрылысы метроға қарағанда тез әрі арзан. Жолаушылар да жерастына түсіп уақыт жоғалтпайды. Бұрынғы трамвай бағытын созып, адамдар қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін жылдам қатынайтындай жағдай жасаймыз. Мұның бәрі қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және көлікпен жүру қажеттілігін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Асхат Садуов, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС бас директоры.
Алдымен 31 шақырым ЛРТ жолы салынады. Ол қаланың батысындағы Барлық базарынан басталып, Төле би көшесінің бойымен Желтоқсанға дейін жетеді. Сосын солтүстікке қарай Алматы-2 теміржол вокзалына, одан әрі Райымбек даңғылы арқылы қаланың шығысындағы Құлжа тас жолына дейін созылады.
Содан кейін құрылыстың екінші кезеңі басталады – Боралдай кентінен бастап, Момышұлы көшесінің бойымен Шаляпинға жетіп, сосын Жароков пен Торайғыровта бұрыннан бар жолдармен Қазақфильм ықшамауданына апарады. Ұзындығы 29 км болатын үшінші желі қаланың төменгі бөлігінде батыстан шығысқа қарай ҮАК және Хмельницкий көшесінің бойымен өтеді. Ал бір тармағы солтүстікке бет алып, болашақта бой көтеретін Алматы-3 вокзалына барады.
Әкімдіктегілер Астанадағы ЛРТ-ның жағдайы қайталанбайды ден сендірді. Өйткені Алматыдағы заманауи трамвай желісі бұрыңғыдай жердің үстімен жүреді. Елордадағы сияқты биік бағаналар қойылмайды. Соған қарамастан құрылыс саласының мамандары ауқымды жоба созбалаңға салынуы мүмкін деп топшылайды. Олар жыр болған метро құрылысын мысалға келтірді.
Бастапқы жобаны, осы ЛРТ желісінің бірінші жүйесінің бағасы 130 млрд теңгедей деп айтқан. Сол кездегі курспен 300 млн доллардай болған. Мысалы, қазір инфляциямен одан да қымбат болуы мүмкін. Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan қорының маманы.
Мамандар трамвай жүрген көшелерге ақылды бағдаршам орнатуды ұсынды. Яғни жеңіл рельсті көлікке үнемі жасыл түс жанып тұрса жолаушылар діттеген жеріне жылдам жетеді. Әзірге ЛРТ желісінің жай-жапсары пысықталып жатыр. Оған қанша қаражат кететіні де есептелуде. Қала билігі 2040 жылға дейін ЛРТ-дан бөлек БРТ желісін 102 шақырымға дейін ұзартып, автобус қозғалысы мен бағытын ретке келтіреміз деп отыр.
Алдағы жылдары жаңа метро бекеттерінің құрылысы да жанданады. Сондай-ақ алып шаһарға тағы бір теміржол вокзалын салу жоспарда бар. Шенеуніктер сөзден іске қашан көшетіні әзірге белгісіз. Қоғамдық талқылаудан өткізіліп пысықталған Алматының жаңа бас жоспары үкімет қарауына жіберілді.
Дереккөз ktk.kz. Фото: kaztag.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через