фото: Виктор Сухоруков
Алматыда Райымбек даңғылының бойынан салынатын BRT жолағының жоспары мен сызбасы дайындалып, сараптамадан өтіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, жоба қоғамдық көліктің жылдамдығын арттырып, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Құрылысы шілде айында басталады. Райымбек даңғылына салынатын БРТ желісінің жалпы ұзындығы 17 шақырым. Биыл оның 9 шақырымы жасалады. Бұл Ахрименко мен Пушкин көшелерінің аралығы. Жұмыс кестеге сай атқарылса, осы жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Толығымен 2026 жылы аяқталады. Ол кезде БРТ жолағы "Барлық" базарынан Ахрименко көшесіне дейін созылады.
Артур Шахбазян, "Көлік жүйесін дамыту" жобалық кеңсесінің басшысы: - Райымбек даңғылы тегіннен таңдалып отырған жоқ. Бұл қаладағы ең ірі батыс пен шығысты жалғайтын магистральдің бірі саналады. Соған орай қоғамдық көліктер көп жүреді. Күніне 100 мыңнан астам адам осы автобуспен қатынайды.
BRT желісі Райымбек даңғылының орта тұсынан салынады. BRT желісінің салынуы алматылықтар үшін таңсық емес. Алғаш 2017 жылы Тимирязев көшесінде салынды. Сарапшылардың пікірінше, кептелісті осы BRT жолағы арқылы азайтуға болады. Себебі, әлемнің осындай ірі қалаларының ешқайсысы мәселені жолайырықтар салып, жолдарды кеңейту арқылы шеше алмаған. Тіпті кейбір көшелердегі арнайы автобус жолағы да көмектеспейді.
Диас Маратұлы, сарапшы: - Біз көптеген қиылыстарда, көптеген аулаларға кіру де автобус жолақтарына жеке автокөліктер кіріп жатқанынын көреміз. Сол себептен автобустардың өзінде кептелісте тұрып қаншама уақыт жоғалтады. Ал көшенің ортасымен Тимирязев көшесіндегі сияқты BRT-ны жіберетін болсақ, ондай кезде жеке көліктермен шығыс жерлер азырақ болады да сол себептен автобустар тезірек ыңғайлырақ жүре алатын болады. BRT желісінің ең басты артықшылығы оны тез және арзан салуға болады.
Жобаны автобуспен қатынайтындардың дені қолдайды. Себебі, баратын жеріңе тез жетесің. Кептелісті осылай қоғамдық көлік жүйесін дамыту арқылы оңтайландыруға, болады деген пікірде. Ал жеке автокөлікпен жүретіндер қарсы. Олар кептелісте бұрынғыдан да көп тұратын боламыз,-дейді.
Блиц: - Дұрыс емес. Өйткені, кептеліс саны үлкейеді. Бойында университеті бар Тимирязев сияқты көшелерде жақсы болады. Өйткені, студенттер көбінесе автобуспен қатынайды.
- Негізі автобус жолақтары мен машина жолақтарының бөлек болғаны дұрыс деп санаймын. Себебі қатты скоростьпен келген машиналар болуы мүмкін. Көбінесе қазір байқап жатамыз, жол апаттары содан болып жатады.
БРТ құрылысы кезінде аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы қайта жасалады. Бұл сол көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың жұмысына да оң әсер етеді.
Айта кетейік, 2030 жылға қарай Алматыдағы халық саны 2,5 млн адамға, ал 2040 жылға қарай шамамен 3 млн адамға жетеді, деген болжам бар.
Дереккөз 24.kz. Фото Алексей Старков.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через