Алматыда бастауыш сынып оқушылары тұрғын үйлердің бірінші қабатында оқуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылып жатыр.
«Алматыда «басқарылатын тапшылық» орта мерзімді саясаты іске асырылатын болды. Жаңа мемлекеттік және жекеменшік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылып жатыр. Осылайша, 2022 жылдың басынан бері 3 316 орындық 54 жекеменшік балабақша ашылды, осы жылдың соңына дейін тағы 1 460 орындық 17 балабақша, оның ішінде, 560 орындық 2 мемлекеттік балабақша ашылады», - дейді қала әкімі.
Сонымен қатар, мегаполис басшысы жыл соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%-ға, мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ға дейін өсетінін атап өтті.
«Биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 10 750 орынға 11 жаңа мектеп, 1 270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу жоспарда», - деді Ерболат Досаев.
Фото: kazpravda.kz, ztb.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через