Алматы – «көлік кептелістерінің» отаны

Алматы – «көлік кептелістерінің» отаны

Кептелістен ең көп зардап шегетін- көлік жүргізушілері. Олар жол кептелістеріне күніне 360 сағатын жұмсайды. Ал сіз ше? Көлік кептелісі кесірінен қанша уақытыңызды жоғалтасыз?

Күнде таңертең қала көшелеріне жүздеген, мыңдаған көлік жүргізушілері шығады. Олардың ішінде қоғамдық көлік, жеңіл көлік жүргізушілері бар. Қала тұрғындары барлығы бір деммен ерте тұруға ниеттенеді. Себебі  - «кептеліс». Күнделікті күйбең тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған кептеліске өміріміздің, уақытымыздың көп бөлігі сарп етіледі.

Күн сайын біз  кептелісте тұрып көп уақыт жоғалтамыз, жұмысқа, сабаққа кешігеміз, қоғамдық көлікте адам көптігінен қысылып тұрамыз. Ең өкініштісі,  осы жағдайдың өзгеретініне үміт аз. Себебі, статистика көлік кептелістерінің күн артқан сайын өршіп бара жатқанын көрсетеді. Кептелістің шығу себептері мен онымен күресудің, жоюдың жолдары бар ма деген сынды сауалдарға Қамшы кз ақпарат агенттігі жауап іздеп көрді.

Кептеліс неден шығады?

Көлік кептелістерін тудыратын бірнеше факторлар:

  1. Көліктердің шамадан тыс көптігі;
  2. Ауа райының қолайсыздығы;
  3. Жолдардың сапасыздығы мен оларды жөндеу жұмыстары;

Бір қарағанда жай ғана көлікпен бір жерден екінші жерге жету кезінде кезігетін проблема - шын мәнінде біздің жоспарымыздың , күн тәртібіміздің өзгеруіне себеп болады.

 Әлемдегі ірі қалалар кептеліспен қалай күреседі?

Лондон

Лондонда қаланың орталығына кіру ақылы. 1997 жылы билікке Тони Блэр келіп қаланың ережелеріне бірқатар өзгертулер енгізді.

Атап айтқанда, тарихи орталыққа: Сити, Вест-Энд, Вестминстер  Сохо аудандарына  жұмыс күндері сағат 7:00-18:30 аралығында кіру ақылы. Бұл аудандарды ақылы етпестен бұрын Т.Блэр автобустар санын көбейтіп, қоғамдық көлік пен таксиге арналған арнайы жолақ қойды. Көлікті тұраққа қою мәселесіне байланысты қатал ережелер бар. Айыппұлды бағалау жүйесі іске қосылған. Осы және өзге де көліктерге қойылған талаптар аясында Лондон орталығында көліктер саны 40 %-ға азайған.

Сингапур

Сингапурда көлік кептелісімен күреске ерекше қатал қарайды. Басты мақсат көлік санын барынша азайту. Осы орайда мынадай әрекеттер жасалған:

  • «Көлік міну - сән емес, көлік - тек бір-жерден екінші жерге жету құралы» принципін енгізу арқылы, автокөлік сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалды;
  • Автокөлікке ие болу құқығын аукцион арқылы сатып алу жүйесі іске қосылған;
  • Автотранспорт нарығы тікелей мемлекет бақылауында. Сингапурде автокөлік сатып алғысы келген адам оны Еуропа бағасынан 2,5 есе қымбат бағада сатып алады;
  • «Ақылды жол» жүйесі, жол ақысын жүргізуші тоқтамай-ақ камера арқылы төлей алу мүмкіндігі;
  • Кептелістің алдын алу үшін әрбір мемлекеттік мекеменің жеке жұмыс тәртібі мен жұмыс уақыты бар;

Нью-Йорк

Нью-Йорк қаласының көшелері әу баста-ақ кең, бір-біріне параллель болатындай етіп салынған. Сондықтан кез келген жүргізушінің кептелісті басқа көшеге бұрылып кете салу арқылы айналып өтуіне мүмкіндігі бар. Бұл қаланың ерекшелігі - транзиттік және жергілікті жолдар бір-бірінен алшақ етіліп, бөлек салынған.

Әлемдік мегополистердің тәжірибесіне сәйкес, барлық жасалған әрекеттер қоғамды автокөліктен қоғамдық көліктерге көшіруге бағытталған.  Мамандардың пікірінше, ауқатты адамардың өздері де қоғамдық көліктерге көшеді, ол үшін тек екі басты шартты сақтау керек: онда ұрлық болмау керек және тазалық сақталуы керек.

Бүгінде Алматы қаласының көлік  кептелісі қала тұрғындары үшін  басты проблемаларының біріне айналғаны жасырын емес.

Қазақстанда кептеліс проблемасы ірі қалаларда, әсіресе Алматыда ерекше байқалады. Сонымен бірге, Астана мен Шымкент сияқты қалаларда да проблемаға айналып кету қаупі басым.

Әр минут санаулы

Мамандардың есебіне қарағанда кез-келген елде кептелістен зардап шегетін- көлік жүргізушілері. Олар жол кептелістеріне күніне 360 сағат немесе жылына 45 жұмыс күндерін құртады. Онымен қоса кептелісте тұрған кезде кететін жанармай шығыны тағы бар.

Көлік апаттары

Статистикаға сәйкес, жол-көлік апаты тек жоғары жылдамдықта ғана емес кептеліс кезінде орын алады. Себебі көлік тығыз орналасқан жолда жүру шын мәнінде өту қауіпті әрі ыңғайсыз.

Денсаулық сыр береді...

Ғалымдар кептелісте көп тұру өте зиян екенін айтады. Себебі, кептелісте жиі, әрі ұзақ тұру, өкпе ауруларының туындауына әкеліп соғады. Екі-үш жылдың ішінде тыныс жолдарының аллергиясына ұшырауға болады, ал оған тағы бір жыл кептелісте тұруды қосатын болсақ созылмалы бронхитке айналуы ғажап емес. Ал астма ауруымен ауыратындар үшін кептелісте тұру тіпті қауіпті.

Көңіл-күйдің бұзылуы мен стресс кептелісте ұзақ уақыт тұрудың салдарынан да болады.

Әлемдегі ең ірі кептелістер

  1. Қытай, 260 шақырым. Бейжің-Тибет тас жолы, 2010 жыл
  2. Бразилия, 242 шақырым, Сан-Пауло қаласы, 1996 жыл
  3. Испания, 180 шақырым, Мадрид 2005 жыл

Қытайдағы кептеліс шамамен екі аптаға созылған. 14 тамыз күні басталған көлік кептелісі үлкен проблемаға айналып оны тек қыркүйектің басына қарай шешу мүмкін болған.

Кептеліспен күресудің жолдары бар ма?

Шындығына келгенде кептеліспен «күресу» мәселесі әрбір халқы көп қала үшін үлкен проблема. Алайда онымен «күресу» дұрыс емес дейді мамандар. «Кептелістерді жою» деген қағида, мақсат болмауы керек. Бар мәселе - автокөліктерді пайдаланушылардың санын азайтуда.

Алматыдағы кептелістер проблемасы

Еліміздегі   адам ең  көп шоғырланған Алматы қаласында кептелістер жыл сайын  созылмалы ауру түрі сияқты емі жоқ дертке айналып келеді. Қала тұрғындарының кептеліске тіпті еті үйренген. Көлік жүргізушілері мен таксистер бұл жағдайға үйренгендерін айтып, бұл проблеманы шешудің жолы жоқ дейді.

53 жастағы Марлен есімді көлік жүргізушісі: «Алматыдағы кептелістермен күресу мүмкін емес, бұл - еріккендік. Біз өзімізді басқа дамыған елдермен салыстыра да алмаймыз. Кептелістің проблемасын олар сияқты шеше алуға мүмкіндік жоқ. Жеке басым, кептелістерге үйреніп кеткем»-дейді.

Алайда көпшілік таксистер мен көлік жүргізушілері, қоғамдық көлікті пайдаланушылар-бір ауыздан қаладағы кептелістердің үлкен проблемаға айналғанын, оны қала әкімшілігінің шешкенін қалайтындықтарын айтады.

Сонымен бұл мәселені қалай шешуге болады?

Алматыны  Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда  «кептелістердің отаны» деп санаудың  бірнеше себептері бар.

Әуелі, Алматы - еліміздің қаржы орталығы, оңтүстік астанасы, мол тарихы бар қала болғандықтан мұнда ұзақ уақыттан бері тұрып келе жатқан жергілікті тұрғындар саны көп. Одан бөлек, Алматыда көптеген ЖОО-лар орналасқандықтан республиканың өзге аумақтарынан жыл сайын келушілердің саны көбеймесе азаймайды. Сонымен бірге Алматы бизнес орталықтар мен  ұйымдардың қара шаңырағы болғандықтан жұмыс, қызметке орналасу үшін келетін толқын тағы бар.

Осы орайда, Алматыда адам саны күннен-күнге, жылдан-жылға көбейіп келеді деген қорытынды жасауға болады. Адам саны көп болған сайын қоғамдық көлік, жеке көлік пайдаланушылыры да көбейеді, демек көлік көбейген соң кептелістер де орын алады.

Яғни, кептеліс мәселесін шешу үшін не көлік пайдаланушылар санын азайту керек (жоғарыда аталған тыйымдар мен ережелер енгізу негізінде) немесе тұрғындар санын азайту керек.

Фото: admin.arnapress.kz, tengrinews.kz