Алматы көк түтіннің құрсауында қалды. Соңғы күндері ауадағы зиянды қалдықтардың құрамы 20 есеге дейін артқан. Мамандар бұл жағдайды желсіз, тынық ауа райының сақталуымен байланыстырып отыр.
Бұған қоса, өңірде қатты аяз болып, от жаққандар көбейді. Жалпы, бұл мәселеге қатысты экологтардың дабыл қағып келе жатқанына біраз болды. Бірақ, түйткілді түбегейлі шешуге бетбұрыс айтарлықтай байқалмайды.
Мемлекеттің ірі мегаполисі - Алматыдағы экологиялық ахуал күн өткен сайын шиеленісе түсуде. Қала халқы немен тыныс алып отырғанын сезіп қана емес, қолмен ұстап көретін халге жетті.
Қазақстандық заңнаманы алар болсақ, нормадан асқан жоқ. Адамдардың Алматы қаласында жүруіне, тұруына, демалуына ешқандай қауіп жоқ. Әділ Нұрпейісов, Қалалық экология департаментінің ресми өкілі
Ауаны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр станциялары және газ тартылмаған жер үйлер ластайтыны мәлім. Сонымен қатар, тығыз әрі ретсіз салынған биік ғимараттар да мегаполисте ауаның таза болуына кедергі келтіріп тұр, дейді экологтар.
Ауа ластануының 80 пайыздан астамы қаладағы транспорт кесірінен туындап отыр. Ол үшін шетелден келетін автокөліктің экологиялық стандарттарға сай болуын қадағалау қажет. Қоғамдық көліктерге басымдық берген дұрыс. Бұл ретте, Жылу электр станциясының газға ауыстырылуынан айтарлықтай пайда ұтпаймыз деп ойлаймын. Есесіне, газ қымбаттап кетеді. Басты әрі нақты шешім - урбанистика, агломерация, логистикаға көңіл бөлу қажет, соны реттеу керек.Тимур Елеусізов, «Қазэкопатруль» қоғамдық ұйымының жетекшісі, экология саласының сарапшысы
Сонымен қатар, сарапшы әр қазақстандық бұл мәселемен жасыл желек егу арқылы күресе алатынын еске салды.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақпан айында қалалық Экология департаменті және оған қарасты мекемелерге жемқорлық фактілеріне қатысты сараптама жүргізбек. Өйткені, бұл сала парақорлық қаупі жоғары бағыттар қатарына еніп отыр.
Дереккөз Zakon.kz. Фото: newtimes.kz. tenre-airlife.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через