Ағымдағы оқу жылында еліміздің астанасы - Нұр-Сұлтан қаласында "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында, "Quantum STEM School" алғашқы инновациялық мектебі - өз есігін айқара ашты. Бұл білім ордасында 1020 шәкірт АҚШ, Сингапур елдерінің озық әдістемесі негізінде білімін жетілдіреді . Оларды оқытатын ұстаздар да осал емес. Қазақстанның ең үздік 500 педагогы қатарына кіретін білікті 100 маман іріктеліп алынып, сингапурлық стандарттарға сай кәсібилігін шыңдаған. Олардың қатарында ғылым кандидаттары мен магистрлер, "Болашақ" бағдарламасының түлектері мен "CELTA" сертификатының иегерлері бар.
Оқу ордасында балалардың халықаралық талапқа сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Олар дәстүрлі оқу бағдарламасымен қатар, математика, ғылым және инженерия салаларына басымдық береді. Атап айтқанда, талай сыннан сүрінбей өткен мықтылар 1-6 сынып аралығында математика пәнін сингапурлық әдістеме негізінде меңгереді. Ал жоғары сынып оқушылары университеттік деңгейде оқуын жалғастыра алады. Сонымен қатар, спорттық бағдарламалау, авиамодельдеу, мобильді қосымшалар құрастыру сынды бүгінгі күннің басты бағыттары бойынша жан-жақты тәлім алады. Зертханалық жұмыстар, топпен бірге орындалатын тәжірибелік сабақтар мен ағылшын тілінде сөйлеу, жазу, ойын еркін жеткізу дағдыларын арттыруға да көп көңіл бөлінген. Қысқасы, отандық алғашқы инновациялық мектептегі білім сапасы шетелдік деңгейден артық болмаса, кем емес.
"Жобаны жүзеге асырып жатқан тұста жекеменшік мектеп құрылысына қатысты қаржыландру қажет болғандықтан, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының шарттарын анықтадық. Бұл бағдарлама осыған дейін елімізде іске аспаған іргелі жобаларды қаржылай қолдауға, кәсіпкерлерге жеңілдік жасауға бағытталған. Екінші деңгейлі Банк беретін несие процентінің басым бөлігі мемлекетке өтіп, кәсіпкерге тек 6 пайызын қалдыруы - өте тиімді тетік. Бұл оңтайлы мүмкіндікті қалт жібергіміз келмеді", - дейді компанияның қаржы директоры Раиф Зайнуллин мырза.
Банк менеджерлері өз тарапынан барлық қажетті кеңестерді ұсынып, қысқа мерзімде, бағдарлама шартына сәйкес құжаттарды рәсімдеп, несиені алуға ыңғайлы жағдай туғызды. Нәтижесінде кәсіпкерлер "Bank RBK" Акционерлік Қоғамы арқылы жеңілдетілген несие шартына қол жеткізді .
Айта кетейік, "Қарапайым заттар экономикасы" халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталған. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою болып табылады.
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіпкер төлейтін ақырғы сыйақы мөлшерлеме жылдық - 6% пайыз болып табылады. Яғни, несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Жақында Қазақстанның орнықтылық қоры "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының арнайы https://epv.kz/ сайтын іске қосты. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькуляторы бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через