Әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға бөлінетін гранттың саны артады

Әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға бөлінетін гранттың саны артады
фото: https://sputnik.kz

Әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға бөлінетін гранттың саны артады

Болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15%-ына жеткізу жоспарланып отыр

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларды қолдаудың жаңа тетіктері туралы айтты.

Министр атап өткендей, көптеген зерттеу дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Сондықтан меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау маңызды.

Биыл әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15%-дық квота енгізу туралы шешім қабылданды. Енді осындай отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және т.б мектептерге оқуға түсе алады.

"15% - бұл көп емес. Сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауына негіз жоқ. Жоғары академиялық жетістіктері бар балалармен қарым-қатынас және қоршаған орта осы оқушыларға оң әсер етеді және олардың тез бейімделіп, білімдерін шыңдауына және оқуда жетістікке жете алатынына сенімім мол", - деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ "Сандық (цифрлы) репетитор" жобасы енгізіліп жатыр. Жаңашылдықтың мақсаты – әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру. Аймағамбетов министрлік "Қазақстан халқы" қорынан осы жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұрағанын хабарлады.

Тағы бір бағыт колледждерге қатысты.

"Биыл біз республикалық бюджеттен қосымша 45 мың грант бөлдік. Олар біліммен қамтуды арттыру мақсатында әкімдіктер мен жергілікті колледждерге беріледі. Әкімдіктердің қаржыландыруы жеткіліксіз болғандықтан, көбі колледжде оқуға тегін грант ала алмағаны жасырын емес", - деп толықтырды ол.

Былтыр гранттарды бөлу кезінде алғаш рет әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгізілді. Осының арқасында былтыр мүмкіндігі аз болғандарға енді мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі айтарлықтай артты.

Енді болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15%-ына жеткізу жоспарланып отыр. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджетке оқуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар осы жылы ауыл мектептері түлектері жоғары білім алуы үшін олардың квотасы 35 пайызға дейін ұлғайтылады.

Мәтіндегі ақпарат туралы