Әлемде педофилдерге қандай жаза қолданылады?

Әлемде педофилдерге қандай жаза қолданылады?
фото: mk-kz

Қазақстанда күн өткен сайын педофилия мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Қазір әлеуметтік желі мен БАҚ-та балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілерінен көз сүрінеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Десе де, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 2022 жылы қылмыс саны сәл де болсын азайған. Мәселен, 2022 жылы 719 кәмелетке толмаған жасөспірім педофилдің құрбаны болса, 2020 жылы – 833, 2021 жылы – 920 бала жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Дегенмен, мамандар заңға өзгеріс енгізіп, педофилдердің жазасын қатайту керегін алға тартып отыр.

Педофилдерге қатысты заң қалай жұмыс істейді және қандай өзгерістер енгізілуі керек, әлемдегі жаза түрлері жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Өңірлерде балаларға қатысты қылмыс көбейген

Десе де, мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 719 кәмелетке толмаған жасөспірім жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны (2020 ж. – 833, 2021 ж. – 920) болды.

педофил

Фото: ҚазАқпарат

Өңірлер бойынша алғашқы үштікте Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстары тұр. Жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстың ең көп саны Алматы облысында (87 жағдай) тіркелген. Ал Қарағанды облысында 70 жағдай, Түркістан облысында 63 оқиға болған.

педофил

Фото: ҚазАқпарат

Сондай-ақ, мұндай қылмыс басқа өңірлерде де жиілеген. Мысалы, Павлодар облысында 57%-ға, яғни 23-тен 36-ға, Ақтөбеде 48%-ға, 21-ден 31-ге, Маңғыстауда 9%-ға, 32-ден 35-ке, ал Солтүстік Қазақстан облысында 6%-ға, яғни 31-ден 33 жағдайға дейін өскен. Сонымен қатар, Алматы қаласында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың саны 15%-ға, яғни 46-дан 53-ке дейін артқан.

Жалпы, соңғы 3 жыл ішінде Қазақстанда балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бойынша 2 472 қылмыс жасалған.

Жаңа заң жобасында қандай мәселелер ұсынылып отыр?

Басында айтқанымыздай, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан кейін Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленді. Бұл туралы жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook-тегі парақшасында жария етті.

Қыркүйекте заң жобасын үкіметтік емес ұйымдар және жұртшылық талқылайды. Одан кейін сараптамаға жіберіліп, Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарында қаралады.

Жалпы биыл қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиғадан кейін бала мәселесіне бей-жай қарамайтын сарапшылар, депутаттар жазаны күшейту керек екенін көтеріп жатыр. 

Орталық Азия елдерінде қандай жаза қолданылады?

Қырғызстанда педофилдерді өлім жазасына кесу туралы референдум өтуі мұмкін

2010-2013 жылдары Қырғызстанда балаларды зорлау оқиғалары екі есе, яғни жылына 75-тен 150 оқиғаға дейін өскен. Осыдан кейін педофилдерге жаза ретінде химиялық кастрацияны қолдану туралы заң енгізілді.

Қырғыз Республикасының қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодексіне сәйкес, балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыскерлерді 15 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұған дейін Қырғызстанның қоғам қайраткері, Парламент депутаты Марлен Маматалиев жазаны 25 жылға дейін ұлғайтуды ұсынған еді.

2022 жылдың қыркүйегінде ел Парламенті педофилдерге жазаны тағы да қатаңдату, соның ішінде өлім жазасын енгізу мәселесін де көтерді. Бұл ұсынысқа қатысты депутаттардың пікірі қақ жарылды. Өлім жазасын енгізуді жақтаушылардың пікірінше, қылмыскер түрмеге түсуден қорықпайды, сондықтан бұдан да қатаң жаза қолдану керек. Ал оған қарсы топ халық қазіргі сот жүйесіне сенбейтін қоғамда өлім жазасының зардабы ауыр болатынын алға тартады.

Биылғы көктемде Парламент депутаттары президентке педофилдерді өлім жазасына кесу мәселесін жалпыхалықтық дауысқа шығаруды ұсынды. Бастамаға депутаттардың басым бөлігі қол қойды. Енді президент мақұлдаса, бұл мәселе референдумда қаралмақ.

Тәжікстанда 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Өткен жылы жазда Тәжікстан Парламентінің төменгі палатасы – Намояндагон Мәжілісінің депутаттары Қылмыстық кодекске кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатайту туралы түзетулерді мақұлдады.

Бұған дейін балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағандар 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілетін. Енді педофилдер 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Өзбекстанда педофилдер үш жылға сотталады

Биыл жыл басында Өзбекстан Республикасы Олий Мажілісі (Өзбекстан Парламенті) әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуға бағытталған жаңа заңды мақұлдады. Оған сәйкес, кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу немесе азғыруға кінәлі деп танылғандар қатаң жазаға тартылады.

Мәселен, 16 жасқа толмаған адаммен интимдік қатынасқа түскені үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе 1 жылдан 3 жылға дейін түрмеге тоғытылады.

Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалар түсірілген порнографиялық материалдарды шығаруға, тасымалдауға, таратуға, жарнамалауға немесе көрсетуге қатысқандар 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

2022 жылдың 8 ақпанында Өзбекстанның сол кездегі Әділет министрі Русланбек Дәулетов педофилдердің тізімін жариялауды ұсынды. Айта кетейік, Қазақстанда кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін жауапкершілікке тартылғандардың картасы бар.

Бұдан бөлек, биылғы 12 қаңтарда Өзбекстанда педофилдерді шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды, рақымшылық жасау мүмкіндігін алып тастау, сондай-ақ балалардың интимдік фотосуреттерін таратқаны (бопсалағаны) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды.

Ал Түрікменстанда 16 жасқа толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскені үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Әлемде педофилдерге қандай жаза қолданылады?

АҚШ-та 1996 жылдан бастап педофилдерге қылмыстың ауырлығына байланысты әртүрлі химиялық кастрация қолданылып келеді. Оның ішінде жыныстық құмарлықты төмендететін арнайы препараттан бастап бала сүю мүмкіндігінен толықтай айыратын түрлері бар.

Сондай-ақ, АҚШ-та педофилдер қылмысы үшін бір емес, бірнеше рет өмір бойына бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

Польшада 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әділет министрлігінің сайтында педофилдердің тізімі жарияланады. Онда елдегі барлық тіркелген педофилдің толық аты-жөні, фотосуреті және тұратын мекенжайы көрсетіледі.

Сонымен қатар, сайтта тізімнің кеңейтілген нұсқасы да орналастырылған, онда бұрын-соңды жыныстық зорлық-зомбылық сипатындағы онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған адамдар туралы да ақпарат бар.

Сауалнамаға сәйкес, поляктардың көпшілігі педофилдерге хирургиялық кастрацияны, өмір бойына бас бостандығынан айыруды, тіпті өлім жазасын қолдануды қолдап отыр.

Германияда педофилдер алты айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру, алайда бұл жәбірленуші қайтыс болған жағдайда қолданылады. Сондай-ақ, егер жаза мерзімі аяқталғаннан кейін сот педофилді «түзелген жоқ» деп таныса, оны түрмеде қалдыру мерзімі ұзарады. Сонымен қатар, Германия заң бойынша 1969 жылдан бері ерікті хирургиялық кастрацияға рұқсат берген елдердің бірі екенін айта кету керек.

Ұлыбританияда 13 жасқа толмаған баланы зорлау үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, елде 2008 жылдан бастап химиялық кастрация бірден түрмеден шыққаннан кейін қолданылады.

Францияда педофилдер 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Қылмысы аса ауыр, қатыгездікпен жасалған болса, 30 жылға дейін сотталады немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Йеменде балаларға жыныстық зорлық көрсеткен адамдарға жаза қатаң, оларды көпшілік алдында өлім жазасына кеседі. Сонымен қоса, өлім жазасы бүкіл ел аумағында тікелей эфирден көрсетіледі. Мәселен, былтыр 6 шілдеде Йемен астанасы Сана қаласында шаштараз Эхья Хусейн әл-Рагвах 11 жасар баланы зорлап, айуандықпен өлтіргені үшін қаланың бас түрмесінің жанында көпшілік алдында өлім жазасына кесілген еді. Бұған дейін 2018 жылдың тамыз айында да кәмелетке толмаған баланы зорлады деп айыпталған үш педофил өлім жазасына кесілген болатын.

педофил

Фото: dailymail

Оңтүстік Кореяда педофилдерге химиялық кастрация жасалады. Бұл жаза алғаш рет 2013 жылдың қаңтарында 15 жылға бас бостандығынан айырылған адамға қолданылған.

Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық санының күрт өсуіне байланысты 2008 жылдың сәуірінде Оңтүстік Корея үкіметі 13 жасқа толмаған балаларды зорлаған қылмыскерлерге өлім жазасын енгізді. Елде осы санаттағы қылмыс үшін жазаның ең жеңіл түрі – 7 жылға бас бостандығынан айыру. Заңнамаға сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі жойылды.

Индонезияда ECPAT International мәліметтері бойынша, жыл сайын 70 000-ға жуық бала жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Қылмыскерлерге мәжбүрлі химиялық кастрация, бас бостандығынан айыру қолданылады, одан бөлек жүздеген рет дүре соғу жазасы да бар.

Чехия – ерікті хирургиялық кастрация қолданылатын тағы бір еуропалық ел. Құқық бұзушы жазасын өтегеннен кейін, дәрігерлер мен сот қоғамға қауіпті емес деп шешпейінше, ол бостандыққа шыға алмайды. Чехияда мұндай заң 1966 жылы қабылданған.

Ресейде кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін педофилдер 4 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

2022 жылы Ресей Мемлекеттік Думасы екі немесе одан да көп балаға жыныстық сипаттағы зорлық жасаған немесе қайта қылмыс жасағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы заң жобасын қабылдады.

Түрлі елдерде педофилдерді дарға асудан бастап, өртеп жіберуге дейін өлім жазасының небір нұсқалары қолданылады. Мысалы, Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Қытай, Африка және Латын Америкасы елдері, Пәкістан, Оңтүстік Корея, Куба, сонымен бірге Қатар, Судан, Тунис, Бангладеш және Кувейт сынды елдерде бала зорлағандар өлім жазасына кесіледі. Ал Нигерия мен Оңтүстік-Шығыс Африкада педофилдерді көпшілік алдында халық өзі жазалап, тірідей өртейді.

Қорытындылай келе, педофилия мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті екенін байқап отырмыз. Күнделікті БАҚ пен әлеуметтік желіні шолып өтсеңіз, балаларға қатысты жыныстық зорлық оқиғаларын жиі көресіз. Сарапшылар айтқандай, мұны шешудің бірден-бір жолы – заңды қатайту.