Әлемде әрбір үшінші оқушы буллингке ұшырайды - UNESCO

Әлемде әрбір үшінші оқушы буллингке ұшырайды - UNESCO

       Фото: Denis Charlet/AFP

       Әлем мектептеріндегі әрбір үшінші оқушы буллингке тап болады, делінген UNESCO баяндамасында. Еуропаның әртүрлі елдері бұл мәселені шешудің тәсілдерін іздестіріп жатыр.

       Өткен аптада Францияның бүкіл орта мектеп оқушылары үшін кибербуллинг мәселесіне арналған сабақ өткізілді.

       Мұндай шешім басқа балалар қорлағаннан кейін өзіне қол жұмсаған 13 жасар Линдсидің өлімінен кейін қабылданды.

       Нора Тиран-Фресс мектептердегі буллингпен күреседі. Оның қызы Марион да өз-өзіне қол салғанда он үш жаста болған.

       Нораның айтуынша, Марионның бастан кешкен қиындықтары мектептің төменгі сыныптарында басталған. Ол балаларға жас кезінен бастап буллинг туралы айту маңызды екенін айтады.

       Францияның, тіпті Еуропаның кейбір мектептері буллинг туралы айтуға құлықсыз. Мысалы, Испанияда мектептегі келемеждеуге байланысты бірнеше шулы оқиға болды.

       «Мектеп, сайып келгенде, жәбірленушіні жақтамайды, керісінше оны бұқпалап, мектептің атына кір келмес үшін мәселені барынша жасырып-жабуға тырысады, оқиғаның инспекторларға жетпеуіне күш салады», - дейді Испаниядағы буллингтің алдын алу қауымдастығының (AEPAE) басшысы Энрике Перес-Каррильо.

       Бірақ қазірдің өзінде шешу жолдары ұсынылып жатыр. Жәбірленушіге құлақ асып, бұзақылармен жұмыс жасау керек.

       «Оқушылардың әрқайсына жеке дара қарым-қатынас жасап, оларды айуандықтан арылтуға, мәселені шешуге тартуға тырысамыз. Бұл өте тиімді, бірақ белгілі бір жағдайларда жазаламау керек дегенді білдірмейді. «Мен сенің сыныптасың үшін алаңдап тұрмын, ол нашар оқиды. Сен қалай ойлайсың? Не істеуге болады?» деген сияқты сұрақтар қою арқылы оқушыларды да мәселені шешуге шақыруға болады», - дейді мектептегі буллинг мәселесімен айналысатын RESIS орталығының директоры Жан-Пьер Беллон.

       ҚазАқпарат