фото: inbusiness.kz
Алакөлде шомылу маусымы басталды. Жетісудың жауһарына демалуға баратын қазақстандықтардан бөлек, шетелдіктер де жыл санап артуда. Ал туристерге қызмет көрсететін пансионаттардың дайындығы қалай? Ақшидегідей инфрақұрылым көрші Көктұма ауылында неге дамымаған?
Алакөлде шомылу маусымы енді басталғандықтан, мұнда демалуға келген туристердің қарасы көп емес. Дегенмен бірер аптада жағалау тіршілігі жанданып қыз-қыз қайнайды. Былтыр 1 300 000 адам осында ат басын бұрған екен. Биыл бір жарым миллиондық межеден асады деген болжам бар.
Қуаныш Рахатаев, Алакөл ауданы төтенше жағдайлар бөлімнің басшысы: - Балаларға арналған орындар бөлек жасалып жатыр, сонымен қатар үлкендер түсетін орын бөлек. Жағадан алсақ, 30-50 метр арақашықта, көлдің тереңдігіне байланысты орнатылып жатыр.
Негізгі лек шілдеде лап бергенмен, маусымның ортасында Алакөлде адам азда алаңсыз суға түсейік деп жеткен туристер де баршылық. Соның бірі – Ресейден арнайы келген Сальниковтер отбасы.
Сергей Сальников: - Сіздерге қонаққа келдік. Алакөлде алғаш болуымыз. Жақсы қарсы алды. Қонақ күтіп алудағы қарымқатынасы, қызмет көрсету сапасы көңілімізден шықты.
Бассейн қойып, пальмасына дейін өсірген кешенде керіліп демалуды аптаның бес күні жұмысқа жегілген жұрттың қалтасы көтермейді. Бір күндік бағасы бір адамға орташа 50 мың теңгеден басталады. Отель бөлмесі тар болмаса, 66 мың теңгеге үйде тұруға да болады. Бірақ бұл сомаға ішер тамағы кірмейді. Қарапайым судың өзіне әкесінің құнын сұрайды. Бір қызығы, осынша қымбат болса да орын табу қиын. Шілде айында люкс санаттағы ешбір демалыс аймағында орын жоқ. Алдын ала бронь қойған. Енді күндігі 15-25 мыңдық орта санаттағылардың жайын айтайық. Жағалауға жақын орналасқанына байланысты құны да құбылады.
Эльмира Сұлтанова, пансионат әкімшісі: - Балаларға үш жасқа дейін тегін. Үш жастан 10 жасқа дейін 50 пайыз. Үш мезгіл тамағы кіреді, шезлонг, қолшатыр, жағажай орамалдар. Пойызбен келсе, трансфер сол бағаға кіреді.
Ақшидегі көл жағалауында биыл қадағалау күшейтіледі. Кім көрінген қайықпен болсын, басқа қызмет түрін көрсетуіне жол берілмейді. Жергілікті әкімдік эксперимент жоба оң әсерін берер деген сенімде.
Дәулет Жуандықов, Алакөл ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: - Көл жағалауын беске бөлдік. Сенімгерлік ретінде кәсіпкерлерге өткізіп бердік. Енді ол жақта бес кәсіпкер тазалығын, үнге қыздырынатын төсектерді өзі қойып сапалы қызмет ететін болады.
Ақшидан 20 шақырым жердегі Көктұма ауылы да Алакөлдің арқасында күн кешуде. Алайда салыстыруға келмейді. Жететін жол жарап тұр дегенмен, жағалаудың жағдайы мүшкіл. Көктұма ауылындағы басты проблема – жылдан-жылға жылжып бара жатқан жар. Жуық арада бекітілмесе, демалыс орындары опырылып құлауы мүмкін.
Мамадияр Садықанов, Көктұма ауылының тұрғыны: - Көктұманың мына жақ шетіне дейін 11 шақырым. 11 шақырым жарды бекіту керек, оған қаражат керек. Үкімет осыған көмек жасаймыз деп 2021 жылы бастаған. 250 метр жерге, көпірге тосқауыл жасады да, жоғары жақтан ақша бермей қалды.
Жардан бөлек, жарық жайы да жұртты қажытты. Демалыс орындарының көбеюіне байланысты трансформатор қысымды көтере алмай, ауық-ауық өшеді. Сорақысы сол, соңғы үш үш жылда бірнеше үй тұйықталудан түгі қалмай жанып кеткен. Бұл шаңырақ сәуір айында өртенген.
Ғабит Әзімханов, Көктұма ауылының тұрғыны: - «Достықтан» келіп өшірді. Ауылда өрт сөндіруші бар, бір тонналық сумен жүреді. Олар нені өшіреді алады? Ең бірінші керегі мына бағананы, жарықты қолға алса. Көзбояушылық қылмай, үйдіүйге тартып, бәрін реттеп берсе. Одан кейін, екінші мәселе, Көктұма ауылына өрт сөндіру қызметі керек.
Көктұмадағы пансионаттардың бағасы көңілге қонымды. 10 мың теңгеге үш мезгіл тамағымен шертіп жүріп табасыз. Жар мен жарықты реттемейінше, туризмді қалай дамытамыз деген тұрғындарға әкімдіктің жауабы дайын. Жардағы жұмысты бастаған мердігер компанияға қатысты қазір сот жүріп жатыр екен. Ал жаңа орнатылғанғанымен, бағаналардың әлі қосылмауын былайша түсіндірді.
Дәуренбек Мұқабаев, Ырғайты ауыл округінің әкімі: - Мың бағана жаңартылды. Сегіз трансформатор қойылды. Қосымша былтыр, қыс мезгілі жақындаған соң, жылыту маусымы басталған соң, біз мұны қосуға мүмкіншілігіміз толық болмады. Ауыл азаматтарына үй салуға арнайы электр желілері қажет болған қосымша. Ауданнан сұратып отырмыз, біз соны орнату арқылы көлге шомылу маусым айы біткен соң қосымша орнатып, қосып береміз
Көлі ортақ болғанмен, тіршілігі екі бөлек Ақши мен Көктұмадағы жағдай осындай. Дегенмен ала жаздай екі жақтан да адам аяғы үзілмейді. Қымбаты да, арзаны да бар. Таңдау өзіңізде.
Дереккөз ktk.kz. Фото inbusiness.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через