Алматы облысының шаруалары мал бағатын шопан таппай жүр. Шаруалар малшыларға айлықтан бөлек, азық-түлік, қысқы соғым беруге дайын болсақ та, малға келетін адам қалмады. Үкіметтің жем-шөпке арналған субсидиясы да түсіп болмайды» деп наразылықтарын білдірді.
Алматы облысы Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылында орналасқан шаруа қожалық басшысы екі айдан бері малшы таба алмай, мал басында өзі жүр. Жарты ай бұрын Алматының «Алтын Орда» базарынан мал бағамын деп келген 22 жастағы жігіт қажетті заттарын алдырып, қашып кетті, дейді кәсіпкер.
«Қазір малға жанашырлықпен қарайтын малшы табу қиын. Ауылдағы ағайын мал баққысы келмейді, әйтпесе менің шаруа қожалығым ауылдың іргесінен 12 шақырым жерде орналасқан. Күн тоқ арқылы жарық келіп тұр, ауызсу бар. Жаз жайлау, қыс қыстау бір орында отырады, көшіп-қонудың қажеті жоқ. Төрт бөлмелі үй, монша да бар, тек адам аз демесеңіз. Ай сайын қолға жүз мың айлық, қысқа соғым, көктемгі түлікті жақсы алса, бір бұзау беремін. Бірақ осының өзіне адамдар келгілері келмейді. Ауылға түсіп тұрамын, сонда байқайтыным, ауылда отырғандардың аузы аққа тиіп отырғаны аз. Нан мен сүттің өзін дүкеннен сатып алады. Шағын ауылда мектеп пен әкімдіктен басқа жұмыс істейтін мекеме де жоқ. Жастардың көбі қалада, құрылыста істейді. Мал бағуға қазір жастар келмейді ғой, үлкендердің де айтарлықтай құлқы жоқ. Оның үстіне, «біреудің малын біреу ән айтып жүріп бағады» дегендей, көбі қыстап шығатын жылы орын іздеп келеді.
Жақында ұлым Алматының «Алтын Орда» базарына барып, бір жас жігітті әкеліпті. Келерде «бәрін қатырамын, алсаңыздар болды» деп келген. Киімін беріп, қолына телефон әперіп, азық-түлік, темекесіне дейін алып, қалаға кетсем қашып кетіпті. Бір ауыз адам сияқты айтса да ешкім оны ұстамайды ғой. Қазір мал бағуға қаңғыған үй-жайы, құжаты жоқ, араққа салынған, қыстан аман шығудың жолын іздеген адамдар келеді. Оларға сенім жоқ, үйім Алматыда, екі ай болды шаруа басында өзім жүрмін», - деді қожалық басшысы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через