Айбек Оралбай қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді

Айбек Оралбай қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді

     Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Айбек Оралбай қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді.

     2018 жылғы жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы, жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері А.Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта үндістандық Навин Кумармен бақ сынасты.

     Айбек бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға түсірді. Екінші кезеңде төреші тағы екі нокдаунды есептеді. Төрешілер де бір ауыздан жеңісті қазақстандық боксшыға берді – 5:0.

     Осылайша, жартылай финалға шыққан А.Оралбай Қазақстан жеңіп алған медаль санын 20-ға жеткізді.

     Қазақстан үшін ширек финалдық жекпе-жектерді Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін финалисі Қамшыбек Қоңқабаев түйіндейді. Ол оңтүстіккореялық До Хьен Киммен рингке шығады.

     Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Дулат Бекбауовтың жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

     Сондай-ақ Алуа Балқыбекова жартылай финалға өтті.

     Ал Римма Волосенко жүлдесіз қалды.

     Нұрқанат Райыс қарсыласын нокаутпен ұтып, 1/2 финалға жолдама алды.

     Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай да жартылай финалда.

     Жүлдегерлер қатарына Назым Қызайбай қосылды.

     Бүгін Нұрбек Оралбай жартылай финалға шықты.

     Сағындық Тоғамбай қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді.

     Каzinform.kz