фото: muftyat.kz
Ағайын туралы қазақта бірнеше нақыл сөздер бар. Бала кезде оқығанда, кейбір мақалға таң қалатын едім. Ер жете келе мұның мәнісіне түсіне береді екенсің.
Ағайын-туыс пен қалай араласу керек, қандай қағидалар сақталуы тиіс екенін ұғынасың. Ағайынмен жақын араласа келе, көп нәрсеге көз жеткізесің. Ағайынмен араласа келе өзіме жанашыр аға мен ініні таптым. «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды»,- дегенді де көрдік. Дегенмен араласа келе өзіңе жақындары қалып, ниеті түзу емесі алыстай береді.
Өзінің той-жиынын өткізгенге дейін немесе басына бір іс түссе ағайынмен уақытша жақсы араласады да, шаруасы біткен соң, ағайын-туысты ұмытып, ешбір қатыспай қояды. Қайтадан басына іс түсе қалса, өтірік кешірім сұрап, аяғыңа жығылып, жалынып ағайыннан көмек сұрайды. Мұндайды да көрдік.
Ағайын туралы төменде берілген қағидалар арқылы ағайын-туыстық артып, бауырмалдық күшейеді. Бұл қағидалар сақталмаса ағайын арасы алыстайды, сыйластық төмендейді.
1. Әр адам «Ағайын-туыстан не алсам?» деп емес, «Ағайынға не берсем» деп ойлану керек. Көмек беру, қолыңда бармен қарайласу ағайын арасын жақындатып, сый-құрметті арттырады.
2. Ағайын бай-кедей, мінезі жақсы-жаман болып бөлінбейді. Қандай болса да ол ағайының. Бар мінезімен, бар болмысымен сыйлап, араласуың керек. Егер бір ағайыныңның мінезі жаман болса түзеуге атсалыс, кедей болса барыңды бөліп бер. Ағайынды айыптамас алдын, өзіңе келесі екі сұрақты қойғың: «Мінезі жаман болса оның мінезі жақсы болуы үшін не істедің? Ақыл кеңес айттың ба, қасыңда ертіп жүріп көпті көрсеттің бе?». «Дүниесі жоқ болса, оның жағдайы жақсы болуы үшін қандай көмек бердің?». Егер осы екеуін де істеген болсаң, сонда да айыптауға хақың жоқ. Себебі ол ағайының, бауырың!
3. Ағайын арасында кісілік «Жасы үлкендік» деген болмауы керек. Жасы үлкендік, ұрысып жұмсау, айқайлай салу жұмысыңда істейтін іс. Қызметкеріңе айқайлайсың. Соны ұрысып жұмсайсың. Мұндай қағида ағайын арасында жүрмейді. Жасың үлкен болса, ағайын ініңе құрметпен қарауың шарт. Жылы сөзбен жұмсап, кішілік танытып тұруың керек. Бауырына мінез көрсету, күшпен бағындыру ол үлкеннің әлсіздігі. «Қорыққанды сыйлайды, ұрғанды құрметтейді» деген қағида ағайын арасында жүрмейді. Сен жылы сөйлесең інілерің айтқызбай істейтін болады. Келіп сырласатын болады. Жұмсақтық – ағайынгершіліктің басты ұстанымы болуы керек. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде басым.
Ауылда бір аузын ашса болды боқтай беретін көкеміз, қалаға келіп, немересіне қарап, бала-бақшаға, мектебіне және басқа да жерлерге апарып жүреді. Ауылда әбден боқтап үйреніп қалған көкеміз, қалада ешкімді боқтай алмай, іші толып жүреді. Бір күні ауылдан келген қария кісіні жиені қонаққа шақырады. Бұл көкемізге «Сізде келіңіз»,- дейді. Қонаққа келіп, есіктен кіре бергенде ауылдағы көршінің баласын көреді де, сол жерде көкеміз кеңінен көсіліп, үш ай бойғы боқтығын біра-ақ төгеді ғой шіркін, ешбір қонақтың бет-жүзіне қарамай іштегісін ақтарады, боқауыз сөздер катюша сияқты атылады. Үй иесі мен басқа да қонақтар мұндайды өмірінде бірінші рет көріп тұрғаны бар, бәрі де таң қалады. Сол қонақта көкеміз зорға шыдап отырады. «Қаласы құрысын»,- деп көп кешікпей ауылына кетіп қалады.
4. Дұрыс іні бола алмаған, дұрыс аға бола алмайды. Ағайын арасында бір жас үлкен болса да оған ағалық құрмет көрсету керек. Біреу бай, біреу кедей болса да екеуін бірдей сыйлау шарт. Ағайын ағаңмен сырлас, әңгіме айт. Бір тірлігің болса барып ақыл сұра. Аға екенін сезіндір. Қас қабағына қарап жүр. Сыртынан жамандама, әрекетін сөкпе. Сенің осы әрекетіңді інілерің көріп, саған дәл сондай құрмет көрсететін болады. Сен өзің ағаларыңды сыйламасаң, інілерің сені сыйламайды.
5. Ағайынның жағдайын сұрап тұруды әдетіңе айналдыр. Мүмкін бір інің аш шығар, бір қарындасыңның аяқ-киімі жыртық шығар?! Мүмкін бір ағаң қарызын төлей алмай жүрген шығар?! Осының бәрін ойлап жүру ағайынның міндеті. Ия, саған «Ашпыз, қиналып жүрміз» деп айтпауы мүмкін. Сен үйіне бар. Шәй іш. Әңгімеге тарт. Ағаң айтпаса жеңгеңнен сұра. Жеңге айтпаса, ініңнен сұра. Сен оны әлі түсінбейтін шығарсың, бірақ бұл сенің міндетің. Себебі олар сенің ағайының. «Өздері шешсін, қарыз алған өздері, жұмыс істемейді ма, өйтпейді ма, бүйтпейді ма?» деп ағайынды сөгуге хақың жоқ. Сенің ағайының ба? Сен оған көмектесуің керек. Ағайынгершілік деген осы.
6. Әр ағайын арасында тыныш жүрмейтін адамдар болады. Өсекке жақын жеңгең, сөз ұқпайтын ағаң, қанша сыйласаң да сыйлағанды білмейтін туыс, айтқаныңды істемейтін іні, ұрса беретін аға әр ағайынның арасында бар. Жаман қылығы мен жамандығы үшін ол ағайынмен араласпау, оны бөлектеу, жиын-тойға шақырмау ағайынгершілік емес. Мықты болсаң, ақылды болсаң, көпті көрген болсаң жаман ағайыныңды түзеуге әрекет жаса. Егер түзелмесе, жамандығын қоймаса онда бәрі бір араласпай кетуге хақың болмайды. Досың жаман болса араласпай кет, сыныптасың өсекші болса араңды үз, курстас досың қырсық болса хабарласпай қой, қызметкерің жаман болса жиын-тойға шақырма. Бірақ ағайынға ондай нәрсе жүрмейді. Ол сенің бір туғаның. Сенің қаның. Сенің балаларыңның інісі мен ағасы! Күн өз жылуын жаманға да жақсыға да бірдей төгетіні сияқты сен де өз жылуыңды бәріне бірдей көрсет.
7. Ешқашан ағайынның сыртынан сөз айтпа. Досыңның және өзге жұрттың арасында барынша ағайыныңды мақтап жүр. Жақсылығын асырып, жамандығын жасыр. «Менің інім», «Менің ағам»,- деп мәртебесін көтеріп қой.
8. Ағайын әйеліңнің туысынан да, нағашыңнан да жақын болуы керек. Себебі ол сенің сүйегің. Сенің қаның. Иә, оларды да сыйла, бірақ іштей ағайының жақын екенін ұмытпа. Қайныңа көрсеткен көмегіңді ағайын ініңе де көрсет. Әйеліңді сыйлағаннан қайын-жұртыңа жасаған жақсылығыңды, бабаңды сыйлап өз ағайыныңа да жаса. Ағайын қанда, әйел жолда, бала белде!
9. Жиын-тойда ағайыныңа да арнайы дастархан жай. «Бұлар қызметте ғой»,- деп бей-жәй қарама. Сенің ағайының болған соң, олар қызмет жасап жүр. Сол үшін де оларды құрметте. Нағышылар, қайын-жұрттағылар сенің үйіңде қызмет жасамайды. Иә, олар қонақ. Қонақты құрметтеу міндет. Бірақ ағайынды құрметтеу одан да маңызды. Қазанның басында шәй беріп, сол жерден шығарып салма. Ұят болады. Сен құрметтеп жатқаныңды сезінсін. Қонаққа жайылған дастарханда ағайынның да ақысы бар. Ешқашан ағайынды екінші орынға қойма. Кез келген жағдайда олар бірінші орында!
10. Өз туған ініңнің, ұлыңның ағайынға хабарласып тұруын қадағала. Бұл өте маңызды. Аптасына бір, айына екі рет ағайынға хабарласып, жағдайын сұрап, сәлем беріп тұрсын. Жұмыс бабымен әркім әр қалада жүр. Кейде кей ағайынды тек тойда, аста ғана көріп тұрамыз. Ағайынға хабарласып тұру арадағы құрметті арттырады.
Туған күні болса, арнайы телефон шалып, өзім сөйлесіп болған соң, отбасыма беріп, бәрінің бір ауыз құттықтауын күтіп тұрамын. Мерекемен құттықтап хабарлама жазамын, «Ұмытып кетпей құттықтап қойыңдар»,- деп отбасымның да есіне салып қоямын.
11. Досыңмен, қызметтегімен жиі жолығып, шәй ішіп тұрасың. Хабарласпаса оларға өзің хабарласасың. Ағайынмен ше? Ауылдағы аға-ініңе, қаладағы бауырыңа қашан хабарласып «Шәй ішейік» дедің? Иә, досыңнан, не қызметтегімен пайда бар болғаны үшін хабарласасың. Тірлік жасайсың. Жұмысты талқылайсың. Ағайынмен араласудың пайдасы одан да зор. Ислам дінінде «Кім бай боламын және ұзақ ғұмыр сүремін десе ағайынмен жақсы болсын»,- дейді. Жақсы болу деген ешкіммен ұрыспай жүру емес. Жақсы болу деген – жағдайын біліп араласу!
12. Мүмкін сені бір ағайының жақтырмаса, сенімен араласқысы келмейтін шығар. Сен оны байқап жүрсің. Сол байқаған күніңнен бастап оған хабарласуынды көбейт, үйіне шәй ішуге барып тұр. Алшақтап кетпе. Жиі жағдайын сұра. Ретін тауып, «Соңғы кезде арамызда сәл салқындық барын сезіп жүрмін, бір жерде артық кетсем кешірім сұраймын. Сіз бауырымсыз ғой»,- деп тез арада араңды түзе. «Өзінше болып жүр», «Кісі болып кетіпті»,- деп одан сайын араңды алшақтатып алма. Кішіпейілдік таныт. Кешірім сұра. Кешіре біл. Кешірімділік – ағайынның негізгі тірегінің бірі.
13. Әйеліңнің сөзіне, жеңешеңнің өсегіне еріп, бір ағайының туралы пікір қалыптастырма. Әйелдер эмоцияның адамы. Әйеліңе және жеңешеңе ешқашан ағайыныңды жамандатпа.
14. Ағайынды ойлаған адам ауылды ойлайды, ауылды ойлаған аймақты, ал аймақты ойлаған адам бүкіл елдің қамын ойлап, Ұлттың жанашыры болады.
Ағайынды ойламаған адам қоғамда тұлға болып қалыптаса алмайды.
Ағайын тату, бауырмалдық мықты болсын! Ағайынға деген сыйлыстық пен сый құрметіміз арта берсін!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через