Адам саудасы басылмай тұр
Бірнеше жыл қатарынан адам саудасы мәселесі назар аудартып келе жатыр. Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша, 2021 жылы Қазақстан бұл мәселе бойынша өз қалпын жақсартып, оны халықаралық қауымдастық та ерекше атап өткен.
«Шекараның ашық болуына, көші-қон ағынының күшеюіне және экономиканың дамуына байланысты қылмыстың осы түрінің мемлекетаралық және трансұлттық сипат алуы жиілеуде. Осыған байланысты адам саудасына қарсы іс-қимыл ішкі істер министрінің тұрақты бақылауында. 2021 жылдың 9 айында ведомствоның өндірісінде көрсетілген құқық бұзушылықтар бойынша 200 артық қылмыстық іс болды, 136-сы тіркелді, оның 78-і сотқа жолданды, адам саудасына байланысты қалған қылмыстық істер бойынша тергеулер жалғасуда. 26 адамға қатысты әртүрлі жаза тағайындаумен айыптау үкімдері шығарылды. 2004 жылдан бастап 6 жоспар қабылданды. Биыл 24 ақпаннан бастап біз осы уақыт талаптары мен мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып әзірленген 7-жоспарды іске асыруға кірістік» деп баяндады полковник.
Елімізде 2003 жылдан бастап адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Ол мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың үнқатысу алаңы ретінде белгілі болып та қалды. Осындай комиссиялар еліміздің барлық өңірлерінде құрылған. Сонымен қатар адам саудасына қарсы күреске бағытталған жеткілікті заңнамалық база да қалыптастырылған.
Соңғы өзгерістер 2020 жылдың қаңтарында күшіне енді. Олар адам саудасы фактілері бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін болдырмауды, сондай-ақ органдардың, кәмелетке толмағандардың саудасы және оларды жезөкшелікпен айналысуға тарту үшін жазаны қатаңдатуды көздейді.
Бүгінде бұл қылмыстар үшін қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған, мүлкі тәркіленіп, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру максималды жазасы қарастырылған.
«Қазақстан Республикасы адам саудасының құрбандарын әкелетін, әкететін және транзиттейтін ел болып табылатынын ескере отырып, қылмыстық іс бойынша сот шешімі шығарылғанға дейін оларға қатысты ауыр қылмыс жасалған шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімін ұзарту заң жүзінде көзделген. Сондай-ақ, аталған тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бұл еңбек немесе жыныстық қанауға ұшыраған мигранттар үшін қолайлы жағдай жасайды. Барлық зардап шеккендерді қорғау және оларға көмек көрсету «қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» және «жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңдар шеңберінде жүзеге асырылады. Соңғы үш жылда жыл сайын адам саудасының 90-ға дейін құрбаны анықталады, оның ішінде 20-ға дейін – еңбекті қанаудың құрбандары» дейді Әділов.
Оның айтуынша, ІІМ адам саудасына қарсы әрекет ету бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Бұл ретте Катар, Индонезия, Бахрейн, Әмірліктер, Түркия мен Оңтүстік Кореяға пайдалану мақсатында біздің азаматтардың экспортына арналған сегіз арна, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан екі импорт жойылыпты.
«Мысалы, биыл біз Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Бахрейн Корольдігінің азаматтары болып табылатын 19 адамнан тұратын трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты тергеуді аяқтадық, олар соңғы бес жыл Бахрейндегі жыныстық қанау үшін, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты адам саудасымен айналысқан. Зардап шеккендердің жалпы саны 39 азаматты құрады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда» деді спикер.
Сондай-ақ жаңа туған балаларды басқаларға беру мәселесі де өзекті. Мысалы, биыл шілде айында Шымкент қаласының соты екі отбасылық жұпқа қатысты айыптау үкімін шығарды. Олар өзара келісіп, кейіннен жаңа туған баланы беру бойынша мәмілені заңсыз ресімдеген. Босанған әйел туу туралы куәлікте биологиялық әкесінің емес, сатып алушының мәліметтерін көрсеткен. Кейін нотариус баладан бас тартуды рәсімдеген.
«Аталған іс бойынша барлық адамдар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Осыған ұқсас және басқа да фактілерді болдырмау мақсатында ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қабылдады» деді ол.
Жалпы, 2021 жылы адам саудасы бойынша 6 жағдай тіркеліпті. Біздің елде Қазақстанда адам саудасы бағытында қылмыстық заңнамада 8 бап бойынша жауапкершілік қарастырылған. Тіркелген 6 қылмыстың үшеуі ғаламтор ресурстарын пайдалану арқылы жасалғаны анықталған.
«ҚР Қылмыстық кодексінде адам ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе оларды заңсыз алып қою, адамды ұрлау, адам саудасы, бас бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке тарту, кәмелетке толмағандардың саудасы, жезөкшелікпен айналысуға тарту, сонымен қатар жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық баптары бойынша жауапкершілік көзделген. Адам саудасының алдын алуда әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Соның арқасында жыл басынан бері 10 420 шетелдік ғаламтор ресурсы анықталды. Бұл теріс пиғылмен құрылған ресурстар. Олардың ішінде тек адам саудасына ғана қатысты емес, жалпы бүкіл құқыққа қайшы контент жинақталып, қарастырылады. Атап айтқанда, порнографиялық материалдар жариялау, экстремизм желісі бойынша, ғаламтор казинолар, есірткі қылмыстарын жасау және т.б. бірнеше саладан тұрады. Бүгінде олардың 3427-не тосқауыл қойылды. ІІМ өкілетті мемлекеттік органға уақытылы ұсыныс жолдау арқылы осындай ғаламтор ресурстары бұғатталады» дейді полиция подполковнигі Ермек Шүлден.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через