Адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде әлемге танытсақ

Адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде әлемге танытсақ

       Сан ғасыр бұрын қолға үйретіліп, адамзат баласы қажетіне жаратқан жылқы түлігі - көшпенділердің ең қасиетті малы. Номадтарды жүйрік тұлпарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғым болып кеткелі қашан?!

       Тарих беттеріне үңілсеңіз, көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те атаған. Себебі, ұлан-ғайыр даланы мекен еткен ұлы тұрғындардың тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысты болған.

       Бабадан жеткен «Ер қанаты - ат» деген мәтелдің өзі осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін де орны ерекше екеніне дәлел бола алады. Жылқы - қазақтың ұлттық сана-сезімі мен рухани болмысының тұтас бір айырылмас бөлігі.

       Қазақ - ат десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбіріне елітпейтін қазақ кемде-кем. Тіпті, арғы ата-бабаларымыз «темір тұлпар» болмаған баяғы заманда Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын осы ат көлігімен жалғады.

       Бұл туралы айта берсек, бір емес, бірнеше том кітапқа сыйдыра алмасымыз анық. Кешегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, Қабанбайдың Қубасы, Ер Жәнібектің Көк дөнені, Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы сияқты есімдері аңызға айналған аттардың әрқайсысы бір-бір кітапқа лайық.

       Ал бүгінгі таңда осындай әңгімелерге арқау болатын жүйрік тұлпарлар жоқтың қасы деуге болады. Кешегі, күнді күнге жалғап ентікпей шабатын қазақ жылқыларының тұқымдары құрып, оның орнын өзге елден әкелінген жылқылар басып барады.

      Мемлекет басшысы жылқының бұл түрін Маңғыстаудың бірегей байлығына теңейді.

       Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың Адай жылқысын әлемге таныту арқылы оны ұлттық брендке айналдыруға болатынын айтып, бұл жылқының санын көбейтуді Үкіметке тапсырған болатын.

"Қазақ Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. 

       Президент  сондай-ақ Маңғыстау облысында түйе шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік шараларды күшейту мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.

"Маңғыстаудың табиғаты түйе өсіруге өте қолайлы екені белгілі. Қазір облыста 90 мыңға жуық түйе бар. Түйе өнімдеріне бүкіл елімізде сұраныс өте жоғары. Одан алынатын шикізатты терең өңдеу жұмысын қолға алу қажет. Бұл өнімнің түрін көбейтеді әрі оның бағасына оң ықпал етеді. Үкіметке түйе шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік шараларды күшейту мәселесін пысықтауды да атап өткен. Бұл салаға субсидия беру жолдарын да қарастырылуда.