"Абай" фабрикасы 500 адамды жұмыспен қамтуға дайын. Алайда тігінші жоқ

"Абай" фабрикасы 500 адамды жұмыспен қамтуға дайын. Алайда тігінші жоқ

       Фабрика тігіншілері 250-300 мың теңге жалақы алады.

       Абай қаласындағы атағы дүркіреп тұрған "Абай" тігін фабрикасы 1997 жылы банкрот болып, алты жылдан кейін таратылды. Адвокат Нұрхан Жұмабеков жиырма жыл бойы қаңырап бос тұрған фабриканы сатып алып, жұмысын қайта жаңғыртқан. Алғашында арнайы киімдер шығарса, екі жылдан бері күнделікті киімдер тігеді. Бүгінде кәсіпкер 500 адамға жұмыс беруге дайын, бірақ тігінші таба алмай отыр. 

"Қарағанды облысында өндіріс бойынша Теміртау метталлургия зауыты бірінші орын алса, екінші орында "Абай" фабрикасы тұратын. Шахта, не басқа емес, тігін фабрикасы! Әйелімнің шағын цехы болды. Өзім адвокат болып ірі компанияларда жұмыс істедім. Жиған білімімді әйелімнің кәсібін дөңгелетуге жұмсайын деп шештім. Цех үлкейді, орын жетпей қалды. Абайдағы қаңырап бос тұрған фабриканы сатып алдық. Есік-терезесі, тіпті төбесі болған жоқ. Жарық та, жылу да болмады. Бәрін өз ақшамызға жөндеп жатырмыз. Тапқан табысымыз жөндеуге кетеді. Мемлекеттен тапсырыс алмаймыз. Кәсібімізді жеке тапсырыстар алып қана дөңгелетіп отырмыз. Несие, субсидия, ештеңе жоқ", – деді фабрика иесі. 

       Фабрикада қазір 85-ке жуық адам жұмыс істейді. Нұрхан Жұмабеков бес жүз адамды жұмысқа алуға қауқары жететінін айтып отыр. Бірақ білікті маман жоқ.

"Дәл қазір 500 адамға қиналмай жұмыс бере аламын. Инфрақұрылым бар. Бірақ жақын арада ешкімді жұмысқа ала алмаймын, өйткені маман жоқ. Қарағанды облысында былтыр 50 тігінші колледж бітіріп шықты. Фабрикаға төртеуі ғана келді. Шағын ғана Абай қаласында білікті тігінші 250-300 мың теңге жалақы алады. Бұл өте жақсы жалақы. Шахтаға түсіп басын қатерге тігетін шахташының алатыны – 500 мың теңге. "Жастар практикасы" мемлекеттік бағдарламасында түлектерге бір жыл бойы 90 мың теңге береді. Мемлекет ақшасы бар, біз киім тіккеніңізге қарай береміз десек те, ешкім келмейді. Келсе де, машинаға отырса тіге алмайды. Үш жылда колледжде не үйренді? Мұны өзгерту керек", – деді "Абай" тігін фабрикасының басшысы.

       Нұрхан Жұмабеков маман тапшылығы мәселесін шешу үшін фабрика жанынан колледж ашқысы келеді. Алайда, лицензия алуға кедергі көп дейді.

"Мемлекет "ереже қатаң, жеке колледж ашуға лицензия ала алмайсың" дейді. Менің ісіме кесе-көлдеңен тұрып алды. Фабрика үлкен. Колледж ашайын, өзім жөндеймін, көмектесіңдер деймін. Жеке колледж не үшін керек? Баланы мектеп бітірген сәтте жетектеп әкеліп, үйрету қажет. Колледжде оқып жүріп фабрикада жұмыс істейді. Стипендиясы – 25 мың теңге, оған қоса бірінші жылы 50 мың теңге жалақы алады. Керемет қой. Екінші жылы – 100 мың теңге, үшінші жылы 150 мың теңге жалақы береміз. Студент білім алады, ақша да табады. Оқуын бітірген соң жұмыссыз қалмайды. Білікті маман болғанда жалақысы көбейеді", – деді кәсіпкер.

       Фабрика иесі колледжге лицензия алу үшін жатақхана жасап жатыр. Мұндай мәселелер екі-үш жылсыз шешілмейтін көрінеді.

"Колледж басшыларынан тігіншілер қайда деп сұрасаңыз, екі айлық зейнетақы аударымдарын көрсетеді. Оны кім жіберді? Тігінші емес, дүкенде сатушы шығар. Цехта, фабрикада жұмыс істеп жатқанын ешкім тексермейді. Оқу бітірген соң олар ешкімге қажет емес. Қарағандыда жыл сайын бір тігіншінің оқуына стипендияны қоспағанда 800 мың теңге жұмсалады. Елу адам болса – 40 миллион теңге. Сонда үш жылда 120 миллион теңге далаға кетеді. Маған бірінші тігіншілер керек. Басқа ештеңе керек емес. Сол үшін колледж ашып, тігіншілер даярлағым келеді", – деді Нұрхан Жұмабеков.