Атыраулық ана 700 грамм сәбиін дәрігерлердің қалай аман алып қалғанын айтып берді. Перизат Қайырбаева – екі баланың анасы. Екінші сәбиін ерте босанған Перизат 700 грамдық шақалақтың өмірі үшін күрескен дәрігерлердің ерлігін көзіне жас ала отырып еске алды.
«Арада бір жыл өтсе де, өмірі үшін күрескен нәрестемнің әр күні есімнен кетпейді. Жүкті адамның ағзасы стандарттарға бағына бермейді ғой. Жүктілігіме 6 ай толған уақытта күтпеген жерден босанып қалдым. Бұл 2021 жылдың 9 қазаны болатын. Бойы небары 30 сантиметр болған сәбиім 725 грамм салмақпен өмірге келді. 26 аптада өмірге келгендіктен, іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағзасында инфекцияның көп екендігін айтып, «үміт аз, кез келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті», – дейді Перизат.
Өмірге келген бойда сәбидің өкпесінен қан кетіп, іріңдеген. Өмір мен өлімнің арасында жатқан нәрестеге қысқа уақыт ішінде төрт мәрте қан құяды. Донор қанда қант мөлшері көбейіп кеткендіктен, инсулин алып тағы біраз уақыт жатады. Оның үстіне, жүрегі дұрыс жетілмегендіктен, бала тым әлсіз болған.
«Сол кездегі жағдайымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Неше түрлі ой келетін. Ауыр ойдың жетегінде жүріп, кейде түрлі қорқынышты түстер көріп оянатынмын. Бара-бара отбасымның, дәрігерлердің қолдауы бойыма қуат бітіргендей болды. Өз-өзімді қолға алып, мықты болуға бекіндім. Себебі «бала анасын сезінеді» дегенді еститінмін. Сөйтіп, әрбір үш сағат сайын жансақтау бөліміне кіргенде қызыма жақсы әңгімелер айтуды бастадым.
Ең бірінші, Аллаға жалынатынмын. «Періштемді аман қалдыршы, денсаулығын мықты етіп берші, аман-есен өсіп кетсінші! Маңдайына жарқын өмір жазшы» деп жалбарындым. Одан әрі сөздерімді Райханыма арнап жүрдім. «Бізді үйде күтіп отыр. Мен саған сенемін, амандығыңды тілеймін! Біз жеңеміз!» дейтінмін. Миы толық дамымағандықтан, Райханым ұйықтап жатқанда дем алмай қалатын. Сол кезде сатурациясы төмендеп, санаулы минуттарда баланың денесі қарайып кететін. Осындай жағдайда бірден массаж жасап, баланы оятып алу керек. Алғашында қорқып кететінмін, кейін үйреніп, бірден іске кірісетін болдым. Бірте-бірте бойымда жақсылыққа деген сенім, үміт пайда бола бастады. Райханымды арада 33 күн өткеннен кейін ғана қолыма бірінші рет алған екенмін. Қызымды «кенгуру әдісі» бойынша кеудеме басқандағы сезімімді ешқашан ұмытпаймын. Кіп-кішкентай етіп, қол-аяғындағы аппарат тоқтарымен бірге кеудеме салды. Сол кезде баламның жүрек соғысы жиілеп, сатурациясы көтерілді. Монтитып ұйықтап жатқан балапаным, осылайша өздігінен дем алуды үйрене бастады. Осылайша, Райханым ИВЛ аппаратында бір ай, СИПАП аппаратында аппаратында – 15 күн, жасанды оттегі аппаратында 15 күн жатты. Тура екі ай дегенде қызымды жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырған кездегі қуанышымды көрсеңіздер... Тұтас әлем қызым екеумізге сый жасағандай көрінді.
Сөйтіп, Атырау қалалық перзентханасынан қызым екеуміз тура үш ай өткенде ғана шықтық. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сәбиімнің өміріне араша болған дәрігерлер Гүлзейнеп Дюсуповаға, Әсел Каукеноваға, Гүлжан Шаймердиноваға, Кәмшат Сағындықоваға, Айзада Орынбасароваға, Индира Сабырқызына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін», – деп аяқтады сөзін Перизат.
Өмірге ерекше жағдайда келген Райхан жақында бір жасқа толады. Сүйкімді балақайдың денсаулық жағдайында қазір кінәрат жоқ. Тәтті қылықтарымен отбасының қуанышы болып өсіп келе жатқан Райхан дәрігерлік кәсібилік пен өмірге деген құштарлықтың дәлелі десек те болады. Жалпы, бұл дәрігерлер аман алып қалған шақалақтардың жалғыз оқиғасы емес. Осыдан бір жыл бұрын Атырау облыстық перинаталдық орталығында сәби 800 грамм салмақпен өмірге келген болатын. 26 апталық қыз баланың өмірі үшін сол кезде облыстық перзентхана дәрігерлері күрескен еді.
Ауыр хәлде болғандықтан, перзентханада 65 күн жатып ем алған Ясина да қазір бір жасқа толды. Бір қарағанда, ана мен бала арасындағы қарапайым оқиға болып көрінгенімен, шала туған балаларды аман сақтап қалу – ерлікке пара-пар іс. Осындайда әр сәбидің өмірі үшін уақытпен санаспай еңбек етіп, күресіп жүрген дәрігерлерге шын жүректен алғыс айтқың келеді. Атырау облыстық перинаталдық орталығының Шала туған нәрестелер патологиясы, II кезең күту бөлімінің басшысы Түрлен Мұздыққызының айтуынша, соңғы он жылда елімізде шала туылған шақалақтардың өмір сүру көрсеткіші 2 есе өскен.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нәтижелі перинаталдық технологиялардың, медицина саласының ілгерілеуі нәтижесінде, шала туылған сәбилердің өмірін сақтап қалу көрсеткіші көбейіп отыр. Кемінде салмағы 500 грамм, бойы 25 сантиметр болатын шақалақтың өмір сүру мүмкіндігі жоғары», – дейді ол.
Жыл басынан бері Атырау облыстық перинаталдық орталығында 446 сәби шала туылыпты. Сол 446 шақалақтың артында қаншама тағдыр, қуаныштың көз жасы жатыр десеңізші...
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через