350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойынға тәуелді

350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойынға тәуелді

     Талайдың санасын улаған, қалтасын қаққан құмар ойындарының ішінде букмекерлік кеңселерге байланғандардың қатары көбейіп барады.

     Психологтардың айтуынша, қазір жасөспірімдер оңай олжаға кенелемін деп сан соғып қалады. Бүгінде елде 350 мыңнан астам адам ойынқұмар дертіне шалдыққан екен. Азаматтар құмар ойынның тұзағына қалай түседі?

     Оңалту орталығында ем алып жүрген Айбек 13 жасынан бастап құмар ойынға әуестене бастайды. 20 жылдан бері казино, интернет ойындардан бас алмаған. Одан кейін букмекерлік кеңсеге тәуелді болды. Бастапқыда жеңіске жетіп, артынша қарызға белшесінен батқан. Ол құмар ойынның құрығына түсіп, 350 млн теңгеден айырылды.

     Ойынқұ­марлық отбасындағы тәрбиеге де байланысты. «Осы мәселені шешу үшін елде отбасы институтын құру қажет», – дейді мамандар.

     Қазір елде орта есеппен 350 мыңнан аса адам құмар ойынның құрбанына айналған. Әрқайсысының орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, биыл заңсыз ойын ұйымдастыру бойынша 86 дерек тіркелді.

     Құзырлы орган дерегінше, 305 мемлекеттік қызметкер құмар ойынның қармағына ілінген. Арасында Ішкі істер, Қорғаныс, Қаржы министрліктерінің қызметкерлері де бар.

     ҚР МҚІА баспасөз қызметі: - Мемлекеттік қызметшілер тарапынан бұзушылық анықталған жағдайларда нақты шаралар қолданылатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде айқындалған. Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік биліктің беделіне және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге бармай, кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтап, бірінші кезекте елдің, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуі тиіс. Өкініштісі, құмар ойынға құмартқандар қатары жыл өткен сайын азаймай отыр.

     Ақпарат дереккөзі