Күздің салқыны сезілгенде түшкірік пен жөтел де жиілейтіні белгілі. Алайда биыл Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қарқыны біртіндеп төмендеп келеді. Мамандар мұны жақсы жаңалық деп бағалағанымен, сақтықты әлсіретуге әлі ерте.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 22–28 қазан аралығында елде 74 мың 689 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға, ал алдыңғы аптамен салыстырғанда бір жарым есеге аз.
Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері 1 миллионнан астам адам вирустық инфекция жұқтырған. Дегенмен былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда сырқаттанушылық 4,7 пайызға төмен.
Зертханалық зерттеулер тұмауға жатпайтын вирустардың ішінде риновирус, аденовирус және бокавирустың басым екенін көрсеткен. Ал тұмаудың А типті H1N1 вирусын жұқтырудың 12 жағдайы анықталған.
Бұл ретте тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары да жалғасып жатыр. Ел бойынша 2 миллион 200 мың доза «Гриппол» вакцинасы жеткізілген. 30 қазандағы дерекке сәйкес, 1 миллион 670 мыңнан астам адам вакцина алған.
Сырқаттанушылықтың төмендеуі көңіл қуантқанымен, күзгі вирустарға бейжай қарауға болмайды. Алдын алу шараларын сақтау мен вакцинация – денсаулықты қорғаудың маңызды жолы.