Третьяков галереясы Алматыда XX ғасырдағы орыс өнерінің көрмесін ұсынады

Третьяков галереясы Алматыда XX ғасырдағы орыс өнерінің көрмесін ұсынады

фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі

Мемлекеттік Третьяков галереясы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Дәуір мұрасы. Третьяков галереясының қорындағы XX ғасыр өнері» халықаралық көрме жобасын ұсынады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Ресей мен Қазақстанның аса ірі көркемөнер жинақтарының ынтымақтастығы бірлескен көрмелер мен мәдени жобалар арқылы жалғасып келеді. 2025 жылы Мәскеуде Қазақстан өнерінің жауһарлары ұсынылған көрмеден кейін Третьяков галереясы Алматыға өз қорындағы туындылардан жасақталған экспозициясын әкеліп отыр. Көрме Қазақстан көрерменін XX ғасырдағы орыс өнерінің тарихымен таныстырып, осы кезеңдегі кескіндеме өнерінің алыптарын шығармашылығын бір арнаға тоғыстырады.

«Көрме екі елдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, өнерсүйер қауымның зор қызығушылығын тудырады деп сенеміз. Ол тарихымызда да, мәдениетімізде де, әлемнің сұлулығын танып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысымызда да бізді біріктіретін құндылықтардың қаншалықты көп екенін тағы бір мәрте еске салады», – деді Мемлекеттік Третьяков галереясының бас директоры Ольга Галактионова.

Экспозиция Третьяков галереясының қорындағы туындыларды қамтып, 1917 жылдан 1970 жылдарға дейінгі орыс өнерінің кең ауқымды панорамасын ұсынады. Бірнеше буын суретшілерінің шығармаларынан сол кезеңдегі отандық көркемөнер мәдениетінде болған ірі өзгерістерді аңғаруға болады. Бүгінде бұл туындыларды өз дәуірінің көркемдік мұрасы ретінде қабылдауға мүмкіндік бар.

Көрменің бас демеушілері – «Росатом» мемлекеттік корпорациясы және қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

«Ұлттық әл-ауқат қоры ретінде «Самұрық-Қазына» қоғам мен елдің дамуына елеулі үлес қосатын бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Мемлекеттік Третьяков галереясы туындыларының Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде ұсынылуы – еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Мәдени байланыстарды нығайтып, әлемдік өнермен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін және Қазақстанның қазіргі мәдени ортасының дамуына ықпал ететін осындай ауқымды жобаның бас серіктесі болу біз үшін аса маңызды», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

«Жылдың ең ірі халықаралық көрмелерінің бірі көрерменді Ресей өнерінің көрнекті туындыларымен таныстырып, белгілі бір дәуірдің көркемдік әрі тарихи мұрасын тереңірек пайымдауға мүмкіндік береді. Музей қорларының мәдени құндылықтарды сақтаумен қатар, кәсіби және мәдени өзара ықпалдастыққа жол ашатын кеңістікке айналып, осылайша Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты нығайтуы айрықша мәнге ие», – деді Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің директоры Гулаим Жумабекова.

Орыс өнеріндегі жаңа кезең Қазан төңкерісінен бастау алды. Көптеген қалыптасқан суретшілер тарихи өзгерістерді үмітпен қабылдап, болашақ туралы өз түсініктерін метафоралар мен аллегориялық бейнелер арқылы жеткізді. Осы көңіл күй Аркадий Рыловтың «Көгілдір кеңістікте» (1918) және Борис Кустодиевтің «Большевик» (1920) атты шығармаларынан айқын аңғарылады. Сол дәуірдің оқиғалары Кузьма Петров-Водкин шығармашылығында да маңызды орын алды. Суретшіні замандасының жанқиярлығы мен азаматтық ерлігі тақырыбы толғандырды. Бұл идеялар көрмеге қойылған «Комиссардың өлімі» шығармасының эскизінде көркемдік шешімін тапқан.

Замана келбеті символдық мазмұндағы туындылардан ғана көрінген жоқ. Александр Дейнека, Константин Вялов, Петр Вильямс секілді жас суретшілер жаңа дәуір шындығын бейнелеудің тың көркемдік тәсілдерін іздеді. Қалалардың өркендеуі, көлік пен өндірістің дамуы, құрылыс, спорттық жарыстар олардың шығармашылығындағы негізгі тақырыптардың біріне айналды. Бұл көркемдік ізденістер кейінгі буын суретшілерінің шығармашылығында да жалғасын тапты. Көрмеде бұл үрдісті «Шаңғышылар» (1931), «Кронштадт рейді» (1928), «Цех монтажы» (1932) туындылары арқылы байқауға болады. «Бубновый валет» тобының бұрынғы мүшелері де шығармашылық ізденістерін белсенді жалғастырды. Петр Кончаловский, Илья Машков, Василий Рождественский реалистік бейнелеу мәнеріне бет бұрғанымен, дүниенің материалдық сұлулығына деген қызығушылығын сақтап қалды.

Бұл кезеңдегі өзекті тақырыптардың бірі – замандас бейнесі. Ол тақырыптық композициялардан, сондай-ақ ғылым мен өнер қайраткерлерінің, ұшқыштардың, поляршылардың және өндіріс озаттарының портреттерінен көрініс тапты.

Ұлы Отан соғысы өнердің даму бағытына елеулі ықпал етті. Көптеген суретшілер майданға аттанып, әскери тілші ретінде қызмет етті, «ТАСС терезелерін» жасауға қатысты. Соғыс жылдарында басқыншылыққа қарсы күрес, адамның ерлік жасауға әзірлігі мен Отан қорғау тақырыбы өнердің басты арқауына айналды. Соғыстан кейін суретшілер Жеңіс қуанышын бейнелеп, соғыс жылдарындағы оқиғаларды зерделеді, әкелері мен аталарының ерлігін шығармаларына арқау етті, сондай-ақ күнделікті өмірдің қарапайым сұлулығына қайта назар аударды.

1960 жылдары кескіндемеге жаңа буын келді. Евсей Моисеенко, Петр Оссовский, Виктор Попков, Василий Стожаров, Дмитрий Жилинский сынды суретшілердің шығармашылығында пішіннің жинақылығы, тақырыпқа деген өзіндік көзқарас және кейіпкердің ішкі әлеміне үңілу басымдыққа ие болды. Бұл ерекшеліктер кескіндеменің көркемдік тілін жаңартуға жол ашты. Виктор Попковтың «Менің күнім» және Дмитрий Жилинскийдің «Оңтүстіктегі қыс» атты автопортреттерінде отбасы, балалық шақ естеліктері, мамандық, шығармашылықтың мәні мен өнер адамының жалғыздығы туралы философиялық толғаныстар өрбиді.

Көрме Татьяна Яблонскаяның «Жаз» атты туындысымен түйінделеді. Суретші шығармада түс пен пішінді батыл үйлестіріп, айқын сәндік әсерге қол жеткізген. Туынды өмірге, жастыққа және әлем сұлулығына арналған ұран іспетті.

 

Третьяков галереясының кураторлық тобы:

Наталья ЧЕРНЫШЕВА – XX ғасырдың бірінші жартысындағы кескіндеме бөлімінің бас ғылыми қызметкеріАнна ПАХОМОВА – Көрмелер бөлімінің арнайы көрме жобалары секторының меңгерушісі

 Жоба «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз