Су ішу жайлы Ұлттық госпитальдің нефролог дәрігері Зарина Алмабаевның кеңесін ұсынамыз
Күніне қанша мөлшерде су ішу керек?
-Дені сау адамдар үшін төмендегі мөлшерлерді бағдар ретінде қолдануға болады. Бұл — тек таза судан емес, тағам мен барлық сусындардан түсетін жалпы сұйықтық қажеттілігінен бөлек қарастырылатын практикалық ұсыныс.
| 0–6 ай | Ана сүті немесе қоспа жеткілікті
| 6–12 ай | Қосымша тамақпен бірге аз мөлшерде су
| 1–3 жас | Шамамен 1,3 л
| 4–8 жас | Шамамен 1,7 л
| 9–13 жас | Қыздар: 2,1 л, ұлдар: 2,4 л
| Ересектер | Әйелдер: 2,7 л, ерлер: 3,7 л
Бұл көрсеткіштер тағамның құрамындағы суды да қамтиды. Ыстық ауа райында, дене белсенділігі жоғары болғанда қажеттілік артуы мүмкін. Жүктілік пен емізу кезінде де қажеттілік өзгереді.
Суды қалай дұрыс ішу керек?
- Таңертең оянғаннан кейін бір стақан су ішуге болады. Күні бойы суды біркелкі ішіңіз, шөлдегенше ұзақ күтпеңіз.Дене белсенділігі кезінде және ыстық күндері сұйықтықты көбірек қажет етуіңіз мүмкін. Суды қысқа уақытта бірнеше литрден ішпеңіз: бұл қандағы натрий деңгейінің қауіпті төмендеуіне әкелуі мүмкін. Негізгі сусын ретінде қарапайым суды таңдаңыз.
Созылмалы бүйрек ауруы бар адамдарға нақты кеңес:
Барлық науқасқа тәулігіне 2–3 литр су ішуге кеңес беруге болмайды.
- СБА G1–G3: ісіну, жүрек жеткіліксіздігі немесе басқа қарсы көрсетілімдер болмаса, әдетте сұйықтықты арнайы шектеудің қажеті жоқ.
- СБА G4–G5: несеп мөлшері, ісіну, қан қысымы және қандағы натрий деңгейі ескеріледі.
- Диализдегі науқастар: сұйықтық көлемі қалдық несеп мөлшері мен диализ арасындағы салмақ қосуына қарай жеке белгіленеді.
- Бүйрек тасы бар адамдар: қарсы көрсетілім болмаса, тәуліктік несеп көлемін шамамен 2–2,5 литрге жеткізуге бағытталған сұйықтық режимі жиі ұсынылады. Егер науқастың несеп мөлшері азайса, аяқтары ісінсе немесе ентігу пайда болса, суды өз бетінше көбейтпей, дәрігерге қаралу қажет.
Ал балаларды су ішуге неше жастан үйрету керек?
- 0–6 ай: әдетте қосымша су берілмейді.6 айдан бастап қосымша тамақпен бірге суды аз мөлшерде беруге болады. 1 жастан бастап суды күнделікті әдетке айналдыру керек. Ал мектеп жасындағы баланы өзімен бірге су құтысын алып жүруіне үйреткен дұрыс.
Судың адам ағзасына 7 негізгі пайдасы бар:
1. Бүйректің жұмысын қолдайды. Су қандағы зат алмасу қалдықтарының несеп арқылы шығарылуына көмектеседі.
2. Бүйрекке тас жиналуының алдын алуға көмектеседі. Сұйықтық жеткілікті болса, несеп көлемі артып, тас түзетін минералдардың концентрациясы төмендейді.
3. Сусызданудан қорғайды. Әлсіздік, бас айналу және бас ауруы сияқты сусыздану белгілерінің алдын алуға көмектеседі.
4. Дене температурасын реттейді. Терлеу ағзаның қызып кетуіне жол бермейді.
5. Қан айналымын реттейді. Ағзадағы қан мен басқа сұйықтықтардың қалыпты көлемін сақтауға қатысады.
6. Ас қорытуға көмектеседі. Ішектің қалыпты жұмыс істеуін қатмамасыз етіп, іш қатудан сақтайды.
7. Ми мен бұлшықеттердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Сусыздану зейіннің төмендеуіне, шаршауға және физикалық қабілеттің нашарлауына әкелуі мүмкін.
Ұлттық госпитальдің журналисі
Жазира Зәкірқызы