Құрылтайдың жалпы отырысында «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы І оқылымда мақұлданды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тану және оларды ынталандыру, – деп мәлімдеді заң жобасын таныстырған Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева.

Фото: ҚР Үкіметі
Оның сөзінше, осы мақсатта екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу ұсынылады.
– Біріншісі - «Шәмші Қалдаяқов» медалі. Аталған медаль отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға тағайындалады.
Екіншісі - «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы. Бұл атақ бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге берілетін болады. Жаңа Конституцияда төл мәдениетімізді қолдау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде бекітілді. Бұл марапаттар – осы конституциялық қағидатты жүзеге асырудың нақты тетіктерінің бірі, – деді Құрылтай депутаты.
Оның мәлімдеуінше, Ұлттық мәдениет пен өнерге қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау – олардың шығармашылығына көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар қоғамдағы еңбекқорлық пен жасампаздық құндылықтарын нығайтудың маңызды тетігі.
Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алыынды.