Қызылорда қаласында қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, профессор Бағыбек Құндақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі шымылдығын түрді. Өнер додасы еліміздің әр қиырынан келген театр ұжымдарын бір сахнаға тоғыстырып, ұлттық драматургия мен актерлік шеберліктің озық үлгілерін таныстыруға мүмкіндік беріп отыр.
Фестивальдің ашылу салтанаты қызыл кілем үстіндегі мерекелік шерумен басталды. Оған қазылар алқасының өкілдері, өнер қайраткерлері, арнайы шақырылған қонақтар мен өңірлерден келген театр ұжымдары қатысты. Салтанатты жиында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай сөз сөйлеп, қазақ театртануының өркендеуіне зор үлес қосқан Бағыбек Құндақбаевтың ғылыми мұрасы мен ұлттық өнер тарихындағы айрықша орнын атап өтті. Ғалымның қыздары Гүлжәмила мен Күлипа Бағыбекқыздарына құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылып, гүл шоқтары табысталды. Кештің көркемдік мазмұнын жергілікті өнерпаздар мен театр әртістері қатысқан концерттік бағдарлама толықтырды.
Мерейтойлық шара аясында көрермен назарына Бағыбек Құндақбаевтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін арнайы көрме ұсынылды. Онда ғалымның фотосуреттері, ғылыми еңбектері және театртану саласына сіңірген қызметін айғақтайтын құнды материалдар жинақталған. Көрме қонақтарға қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық әлеміне жақынырақ үңілуге жол ашты.
Фестивальдің сахналық шымылдығын алғаш болып Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ашты. Өнер ұжымы көрерменге Міржақып Дулатұлының ғұмыр жолы мен азаттық жолындағы күресін арқау еткен «Міржақып» драмасын ұсынды. Тарихи тұлғаның тағдырын сахна тілімен сөйлеткен қойылым ұлт тарихындағы күрделі кезеңдерді қайта зерделеуге жетелеп, елдік мұрат пен рухани мұраның мәнін айшықтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық фестиваль театр ұжымдарының шығармашылық тәжірибе алмасуына, сахна өнеріндегі тың ізденістердің кеңінен насихатталуына және ұлттық театр дәстүрінің сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Өнер додасы 24 қазанға дейін жалғасып, көрерменге еліміздің әр өңірінен келген театрлардың қойылымдарын тамашалауға мүмкіндік береді.