Көрші елде карантин сақталуда

Көрші елде карантин сақталуда

фото: https://pixabay.com/

Оған енді шетелдегі тексерулер және жауапсыз қалған сауалдар қосылды. 

Сібірдегі дүрбелең жалғасуда. Иркутск (Іркіт) қаласында тек бір емес, енді барлық ауруханада карантиндік шектеулер енгізілген. Әңгіме №1, №3 және №10 қалалық клиникалық ауруханалар, Ивано-Матренин атындағы балалар клиникалық ауруханасы, перзентхана және басқа да бірқатар медициналық мекемелер туралы.

Демалыс күндері Иркутск пен оның іргесіндегі Шелехово қалаларында тұрғындар жаппай дүрбелеңге түсіп, өз бетінше антибиотиктерді жаппай сатып алумен болған.

"Тіпті сенбі күні кейбір дәріханаларда жұрт дәріге таласып, төбелеске дейін барды. Күрт қымбаттағанына қарамастан антибиотиктердің бәрін талап әкетті. Баяғыдан бері сөреде жатқан ескі дәрілер де лезде жоқ болды. Адамдар абыржып қалды. Өйткені барлық жерде "оба", "шығу-тегі белгісіз қауіпті дерт" деген сөздер айтылып жатты", – деді обаға қарсы институт қызметкері ресейлік "Люди Байкала" басылымына сұхбатында.

Бұл ретте қамауда қалып, орындықтарда ұйықтауға мәжбүр болған обаға қарсы институттың қызметкерлері карантиннен шықты.

"Үш күн қатарынан бәрімізден сынама алынумен болды. Бірақ барлығымыздың деніміз сау болып шықты. Бүгін жұмысқа шықтық. Әдеттегі жұмыс күні. Жағдай тыныш", – дейді марқұм Дарья Шипиловамен бірге істеген әріптесі.

Алайда құзырлы органдар, "Роспотребнадзор" қаза тапқан әйелдің түпкілікті диагнозын сол бойы жариялаған жоқ. Обаның бар-жоғын зертханалық тұрғыдан толыққанды, түбегейлі растау үшін марқұмның қанына, қақырығына, тіндеріне және басқа да биологиялық үлгілеріне қосымша зерттеулер жүргізілуі керек екен. Бұл процесс 10 күнге дейін созылуы мүмкін.

"Оба" кесірінен шетелде ресейліктер тексеруге ілікті

Бұл оқиға Ресей шекарасынан тыс жерлерде де мазасыздық туғызды. Оқиғаға алаңдаған елдердің бірі – Индонезия. 6 қазаннан бастап бұл мемлекет Ресейден келген жолаушыларға әуежайлар мен теңіз порттарында, жердегі шекаралық өткізу бекеттерінде, соның ішінде Бали аралында санитариялық тексеруді күшейтті.

Бұған Иркутскідегі Сібір және Қиыр Шығыстың обаға қарсы ғылыми-зерттеу институты қызметкерінің өлімі туралы ақпарат себеп болғаны жарияланды, деп хабарлады Анадолу агенттігі.

Күшейтілген бақылау аясында Индонезияға саяхаттаған ресейлік жолаушылар өзінің денсаулық жағдайы туралы алдын ала декларация толтырып, оны арнайы онлайн жүйеге жүктеуге міндеттелді. Сонымен қатар жолаушылардан ауру белгілерінің бар-жоғы тексеріледі.

Елге кіретін әуе және теңіз көліктері оба тарататын кеміргіштердің және бүргелердің бар-жоқтығына қосымша санитарлық тексеруден өтеді, деп жазды мемлекеттік Antara агенттігі.

Егер РФ тұрғынынан жоғары температура, жөтел немесе ентігу байқалса, оны арнайы инфекциялық ауруханаға жіберуі мүмкін. Онда адам оқшауланып, медициналық тексеруден өтеді және қажет болған жағдайда ем басталады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан "обаның таралу қаупіне байланысты ерекше сақтықты" талап еткен ешқандай хабарлама түскен жоқ. Соған қарамастан Индонезия билігі жағдайдың дамуын мұқият бақылап, дайындық шаралары мен әуежайлардағы және теңіз порттарындағы тексеру тәртібін күшейтті", – деді Индонезия Денсаулық сақтау министрлігінің коммуникациялар және қоғамдық ақпарат бюросының директоры Аджи Мухаварман.

Тек биылғы бірінші жартыжылдықта Балиге Ресейден 129 672 турист барған. Бұл 2025 жылғы рекордтық көрсеткіштен небәрі 2%-ға төмен.

Ресейліктер обаны Индонезияға таратуы мүмкін

"Индонезия – ресейліктер үшін Азиядағы негізгі демалыс бағыттарының бірі. Оның үстіне енді ресейлік туристер Балимен шектеліп қалмайды. Өз бетінше курорттық аймақтан тыс өңірлерге саяхаттайды. Бірнеше бағытты біріктіретін сапарларды таңдай бастады", – деп мәлім етті Ресей туроператорлары қауымдастығы.

Ендеше егер әлдеқалай оның біреуінде оба болса, ол оны бүкіл Индонезияға таратуы әбден мүмкін. Елді шошытып отырғаны да осы.

Қазақстан да мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті. Дегенмен ДСМ-нің алдын ала бағалауы бойынша инфекцияның елге әкеліну қаупі төмен деп есептеледі. Әзірге дене қызуы көтерілген немесе аса қауіпті инфекцияға күдік тудырған жолаушылар анықталған жоқ.

The Insider мәліметінше, Қырғызстан да барлық санитариялық-карантиндік бекеттерді күшейтілген режимге көшірген. Өзбекстан санитариялық қызметтерінің дайындық деңгейін арттырды.

Институт қызметкерінің қазасына қатысты негізгі қайшылықтар қандай?

Ресейлік ақпарат құралдарында және Telegram-арналарда орын алған жағдайға қатысты екі негізгі болжам айтылып жатыр. Бірінші нұсқа бойынша Дарья Шипилова оба қоздырғышы бар пробирканы кездейсоқ сындырып алған-мыс.

Алайда мамандар мұндай сценарийдің ықтималдығы төмен екеніне назар аудартты. Өйткені Yersinia pestis (оба) бактериясымен жұмыс істейтін мамандар арнайы қорғаныш костюмін киеді. Колба сынып қалғанның өзінде оба инфекциялары оның ағзасына ене алмайды.

Барлық жұмыс герметикалық бокстарда жүргізіледі. Мұндай инциденттер әрбір ғылыми-зерттеу орталықтарында болып тұрады. Оқиға орын ала салысымен, бірнеше деңгейлі залалсыздандыру хаттамалары іске қосылады, қызметкерлер дереу карантинге алынады. Иркутскіде мұның бірі де болмаған. Персонал үйлеріне еркін барып-келіп жүріпті.

Бұдан бөлек, мерт болған институт қызметкері кәсіби тұрғыдан жақсы дайындалған маман еді. Шипилованың аты академик Покровский атындағы Бүкілресейлік инфекциялық аурулар конгресінің бағдарламасында бірлескен авторлардың қатарында көрсетілген.

Ол Сібірдегі табиғи оба ошақтарынан алынған Yersinia pestis бактериясының антибактериялық препараттарға сезімталдығын зерттеген ғалым. Бұл ғылыми жұмысын ол 2026 жылғы 31 наурызда "Табиғи-ошақты және зооноздық инфекциялар" симпозиумында жариялаған.

"Даша жұмысындағы инфекцияларды біреуге жұқтырып аламын ба деп қатты уайымдайтын. Тіпті жұмыстан тыс уақытта да қолын жиі залалсыздандырып жүретін", – дейді марқұмның әріптесі.

Сондықтан тәжірибелі маман қауіпсіздіктің басты талаптарын кездейсоқ немесе білместіктен бұзды деген нұсқа салмақты дәлелдерді және зерттеуді қажет етеді.

Екінші нұсқа маманның инфекцияны далалық зерттеулермен айналысқанда немесе табиғи ошақ орналасқан аймаққа жасалған сапары кезінде жұқтырды дегенге саяды. Бірақ Бурятия басшысы Алексей Цыденов Шипилованың Бурятияға келгені туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын бірден мәлімдеді. Осылайша, әзірге бұл екі нұсқаның ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ. Үшінші, ресми нұсқаны ресми органдар жария етпей, тым-тырыс отыр.

Мамандар назар аударып отырған басты қайшылық та осында: егер зертханада шынымен апат болып, қауіпті қоздырғыш сыртқа шыққан болса, қызметкер қалайша зертханадан өз еркімен кетіп, басқа адамдармен араласып, кейін сырқаттанғанда қарапайым емханасына жүгінген? Мұндай оқиға болған жағдайда бөлме де, қызметкерлер де белгіленген биологиялық қауіпсіздік хаттамаларына сәйкес дереу оқшаулануға тиіс еді. ДДСҰ, бүкіл әлемді айран-асыр еткені де осы.

Сонымен бірге сарапшылар зертхана қызметкері өзіне қауіпті індет жұқтырылғанын білмеуі және алғашқы ауру нышандарын кәсіби қызметімен байланыстырмауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Дәл осы нұсқа оның не себепті адамдармен бұрынғыдай емін-еркін араласып, қалыпты өмірін жалғастырғанын түсіндіре алады.

Бірақ әзірге оба диагнозын растайтын ресми ПТР-тест нәтижелері сол бойы жарияланған жоқ. "Роспотребнадзор" патогенді микроорганизмдермен жұмыс істеу кезінде ешқандай апат болмағанын, биологиялық материалдардан қауіпті қоздырғыштар анықталмағанын мәлімдейді. Бұдан өзге, марқұммен тікелей байланыста болған адамдар арасынан тек екі COVID-19 және екі риновирус инфекциясы жағдайы анықталыпты.

Ресейлік клиницист дәрігер "Люди Байкала" басылымына аты-жөнін атамау шартымен сұхбат беріп, жағдайдың екі ықтимал нұсқасын атаған. Біріншісі – Шипиловадан шынымен оба немесе басқа да аса қауіпті инфекция анықталған, бірақ билік оны "оқшаулап үлгерген және бұл туралы қоғамға, әлемге жария етпеуге ұйғарған". Екіншісі – билік пен дәрігерлер де әзірге нақты не болғанын жете білмейді. Сондықтан ары қарай "эпидемиологиялық және зертханалық тергеу жүргізіліп жатыр".

Әлем Мәскеуден нақты жауап күтеді

Ресейден тыс елдерде бұл жағдай үлкен алаңдаушылық туғызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей билігінен жүргізіліп жатқан тергеу туралы алдын ала ақпарат алыпты. ДДСҰ мәліметінше, Ресей тарапы марқұммен байланыста болған адамдардың шеңберін анықтаған. Әзірге олардың ешқайсысынан ауру белгілері байқалмаған. Ұйым обаның жаппай таралу қаупін төмен деп бағалап отыр.

"Ресейдің шығысындағы шығу тегі анықталмаған пневмония жағдайынан хабардармыз. Оған оба деген күдік бар. Алайда бұл күдік әзірге расталған жоқ", – деп мәлімдеді Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) Euronews-ке.

Орталық жағдайды "мұқият бақылап отырғанын" және ДДСҰ-мен тұрақты байланыста екенін хабарлады. Еуропада оба 50 жылдан астам тіркелмеген. Алайда бұл індет әлемнің басқа өңірлерінде әлі де кездеседі. Әсіресе Африкада – Конго Демократиялық Республикасында және Мадагаскарда оба ошақтары бар.

Обаның өкпелік түрі ең қауіпті саналады

Өйткені ол жөтелгенде, қатты сөйлегенде адамнан адамға жұғуы мүмкін. Емделмеген жағдайда аурулардың 30 пайыздан 100 пайызға дейінгісі қаза табады. Дегенмен ауру дер кезінде анықталып, антибиотиктер уақытында тағайындалса, оны емдеуге болады.

АҚШ та Мәскеуден көбірек ақпарат талап етті. Американың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Reuters агенттігіне берген сұхбатында Ресейді әлемге өзіндегі жағдай туралы көбірек ақпарат беруге, Мәскеуді ашықтыққа шақырды.

"Ресей, сөзсіз, әлемге көбірек ақпарат беруі шарт", – деді ол.

Рубионың мәлімдеуінше, Вашингтон жағдайды "сағат сайын бақылап отыр". Егер ахуалдың шын мәнінде күрделі екені анықталса, АҚШ көмек көрсетуге дайын.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейде болған жағдайды "Ресей үшін үлкен проблема" деп атаған еді.

Әзірге Иркутскідегі оқиға төңірегіндегі сұрақ көп, нақты жауап аз. РФ тарапы зертханалық нәтижелердің және тергеудің қорытындысын жарияламайынша, "оба болды ма, жоқ па?" деген басты сауал ашық күйінде қала бермек.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз