Вирустық гепатит – бауыр жасушаларын зақымдап, бауыр қызметін бұзатын вирустар тудыратын жұқпалы аурулар. Вирустық гепатитті оннан аса вирус түрі қоздырады. Клиникалық тұрғыдан маңызды бес вирус түрі бар: A, B, C, D және E. Олардың ішінде B және C гепатит вирустары ең қауіптісі болып табылады.
ДДС ұйымының деректері бойынша, жыл сайын әлемде жедел және созылмалы вирустық гепатиттен 2 миллионға жуық адам қайтыс болады. Қазақстанда жыл сайын вирустық гепатиттің B және C түрлерін жұқтырудың 8 000-ға жуық жұқтыру анықталады және жастар арасында артып келеді.Бауыр көптеген маңызды қызметтерді атқарады: ол барлық зат алмасу процестері мен ас қорытуға қатысады, улы заттарды залалсыздандырады, ақуыздар мен ферменттерді синтездейді, қоректік заттарды қорға жинайды және иммундық жүйені нығайтады. Сондықтан емделмеген вирустық гепатит цирроз немесе бауыр обыры сияқты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
В және С гепатиттері.Вирустардың ерекшеліктері:В гепатиті (HBV) — вирус өзегінде ДНҚ болады. Ол сыртқы ортада өте төзімді. Жоғары және төмен температураларға, сондай-ақ дезинфекциялаушы заттардың әсеріне төтеп береді. Бұл вирус анағұрлым агрессивті келеді. Инфекция жұқтыру үшін оның санаулы ғана бөлшектері жеткілікті, сондықтан ол жыныстық қатынас арқылы оңай таралады. С гепатиті (HCV) — РНҚ-құрамды вирус. Ол адам ағзасынан тыс жерде тұрақсыз келеді және жоғары температура әсерінен тез жойылады. Вирустың бірнеше генотипі бар. Инфекция жұққаннан кейін С гепатиті 70–80% жағдайда созылмалы түрге ауысады. Көбінесе ешқандай белгісіз өтеді және бауыр циррозы мен гепатоцеллюлярлы карциномаға (бауыр обырына) әкеліп соқтырады. Дәл осы себепті оны «үнсіз өлтіруші» деп атайды. В және С гепатиті вирустарының таралу жолдары ұқсас; инфекция негізінен зақымдалған қан арқылы жұғады. Вирус медициналық, стоматологиялық немесе косметологиялық ем-шаралар, татуировка жасау және пирсинг кезінде залалсыздандырылмаған құралдарды қолдану, сондай-ақ есірткіні инъекциялық жолмен қабылдайтын адамдардың ортақ инелерді пайдалануы салдарынан берілуі мүмкін.Сонымен қатар, В гепатиті вирусы жыныстық жолмен және босану кезінде анадан балаға (вертикальды жолмен) берілуі мүмкін.С гепатиті вирусы көбінесе қан арқылы беріледі. Жыныстық және вертикальды жолмен берілуі де мүмкін, бірақ мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
В және С гепатиті вирустарының таралу жолдары: стоматология,косметология,татуировка және пирсинг жасау, қан құю, хирургиялық операцияларМаңызды ақпарат! Инфекцияның бірден-бір көзі — гепатиттің жедел немесе созылмалы түрімен ауыратын адам немесе вирус тасымалдаушы. Инкубациялық кезең 30 күннен 6 айға дейін созылуы мүмкін.В және С гепатиттері жылдар бойы айқын белгілерсіз өршуі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, 70–95%-ында ауру созылмалы түрге айналады, ал инфекция жұқтырған адам ауру таратушы болып табылады. Ағзада вирус көбейіп, бауыр жасушаларын біртіндеп зақымдап жатқан кезде де адам өзін жақсы сезінуі мүмкін.
Жұқтыру қауіп басым топ.Вирустық гепатит (негізінен қан арқылы берілетін B және C түрлері) бойынша қауіп тобына өмір сүру салты немесе кәсіби қызметі қанмен немесе медициналық ем-шаралармен байланысты адамдар жатады. Медицина қызметкерлері, хирургтар, стоматологтар, зертхана мамандары және емделушілердің қанымен жұмыс істейтін басқа да мамандар. Медициналық ем-шаралардан өтетіндер: жиі қан тапсыратын, стационарда емделетін, гемодиализ алатын немесе қан құюды қажет ететін адамдар. Есірткі егетін және инелерді ортақ пайдаланатын адамдар. Сұлулық және денсаулық сақтау қызметтеріне жүгінетін адамдар. Татуировка, пирсинг және маникюр салондарында, стоматологиялық клиникаларда дұрыс залалсыздандырылмаған құралдармен қызмет көрсетілген адамдар.Бірнеше жыныстық серіктесі бар адамдар, сақтанбаған жыныстық қатынас кезінде қауіп өте жоғары болады. Жұқтырған адамның отбасы мүшелері: В немесе С гепатиті вирусын тасымалдаушымен бірге тұратындар (ортақ ұстара немесе тіс щеткасы арқылы үй жағдайында жұғу мүмкіндігіне байланысты).Вирус жұқтырған аналардың босану кезінде жұғу қаупі.
Вирустық гепатит қалай анықталады?В және С гепатиттерінің созылмалы түрлері тек арнайы талдаулар арқылы анықталады. Оларды негізінен үш топқа бөлуге болады:вирустық инфекцияны немесе бұрын В немесе С гепатитімен ауырғанын растайтын қан талдаулары яғни гепатит маркерлері,бауырдағы қабыну дәрежесі мен функционалдық бұзылуды көрсететін қан талдаулары, аспаптық зерттеулер яғни ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонанстық томография (МРТ), эластография және басқа әдістер.Талдау нәтижелері негізінде патологиялық процестің ауырлық дәрежесі анықталады, емдеу әдісі таңдалады және аурудың болжамы жасалады.
Вирустық гепатитті емдеу.Ерте диагноз қойылып, вирусқа қарсы терапия уақтылы басталған кезде, вирустық С гепатиті көптеген науқастарда толық емделеді. Дұрыс емдеу вирусты ағзадан жояды, бұл жұқпалы емес екенін білдіреді. Қанда өмір бойы тек С гепатиті вирусына қарсы антиденелер қалады. Оларды зертханалық тексеру арқылы ағзаның бұрын вирус болғанының дәлелі ретінде анықтауға болады. Өкінішке қарай, С гепатиті вирусының басқа генотипімен қайта жұқтыру мүмкін. Қазіргі заманғы вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің көмегімен созылмалы В гепатитін толық емдеп жазу әзірге мүмкін емес, дегенмен жағдайды айтарлықтай жақсартуға болады.Емдеудің басты мақсаты – вирус белсенділігін барынша басу, сондай-ақ бауыр циррозы мен бауыр обырының даму қаупін азайту. Созылмалы В гепатитімен ауыратын науқастар үнемі медициналық бақылауда болады.
Инфекция жұқтырудан қалай қорғануға болады?В және С гепатиті вирустарын жұқтырудан ешкім де сақтандырылмаған.Қазіргі таңда В гепатитінің алдын алуда тиімділігі жоғары вакциналар бар. Ол үш кезеңмен жүргізіледі:бірінші кезең перзентханада, нәресте туылғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жасалады,екінші доза бірінші вакцинациядан кейін бір ай өткен соң салынады,үшіншісі бірінші дозадан кейін алты ай өткен соң (немесе екіншісінен кейін бес ай өткен соң) салынады. Жұқтыру қауіп жоғары топқа жататын ересектер де вакцинацияланады. Бұл сызба жағдайлардың 95%-ында кемінде 15 жылға, ал көбінесе өмір бойына гепатит B-ден қорғануды қамтамасыз етеді.Қазіргі уақытта C гепатитіне қарсы вакцина жоқ сондықтан инфекцияның таралуының алдын алу және оны ерте анықтау маңызды.Вирустық инфекциялардан қорғану үшін төмендегі шараларды сақтау өте маңызды: қанмен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережелерін сақтау, инелерді, шприцтерді, ұстараларды, тіс щеткаларын және жеке гигиеналық заттарды басқа адамдардан бөлек пайдалану, құрал-саймандарды залалсыздандыру хаттамаларын қатаң сақтайтын медициналық және косметологиялық мекемелерді таңдау, жыныстық қатынас кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, қорғаныс құралдарын қолдану, медициналық тексерулер мен скринингтерден уақтылы өту.
Есіңізде болсын! Вирустық гепатит көбінесе байқалмай өтеді: бүкіл әлемде миллиондаған адам созылмалы вирустық гепатитпен ауыратынын білместен өмір сүріп жатыр. Ең бастысы – ауру белгілерінің пайда болуын күтпеу керек. Вакцинация салдыру және залалсыздандырылған құралдарды пайдалану – алдын алу шараларының негізі. Медициналық тексеру инфекцияны ерте анықтауға, уақтылы емделуге және асқынулардың алдын алуға көмектеседі. В гепатитіне қарсы вакцина алыңыз, алдын алу шараларына мән беріңіз және тұрақты медициналық тексерулер мен скринингтерден өтіп тұрыңыз.