Кітап оқу қайтадан сәнге айналды

Кітап оқу қайтадан сәнге айналды

фото: Алматы әкімдігі

Республика күні қарсаңында Алматыдағы Астана алаңында мың жастың басын қосқан «Егемендік – Елдік бастауы» атты флешмоб өтті. Іс-шара кітап оқуды насихаттауға, әдебиетке және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруға арналды, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлағанындай, акция барысында бес қатысушы әдеби шығармаларды таныстырып, сол туындылардан үзінділер мен дәйексөздер оқыды. Ұйымдастырушылар осылайша өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі кітаптың маңызына назар аударуды мақсат етті.

Бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған кітап оқитын ұлт қалыптастыру міндеттерімен, сондай-ақ жауапты әрі білімді азаматтарды тәрбиелеуді көздейтін «Адал азамат» тұжырымдамасының қағидаттарымен үндеседі.

Фото: Алматы әкімдігі.

  Алматыда бұл бағыттағы жұмыс қала әкімі Дархан Сатыбалды айқындаған басымдықтармен де байланысты. Олардың қатарында жастар бастамаларын қолдау, білім сапасын арттыру және алматылық жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау бар.

Бұған қоса, «Оқитын ұлт» жалпыұлттық марафоны аясында қалалық чемпионат өтті. Байқауды Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Skill All қысқа мерзімді курстардың жобалық кеңсесі ұйымдастырды.

Қатысушыларға төрт шығарманың бірін таңдау ұсынылды. Олар: Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я», Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» және Арман Әлменбеттің «Тергеуші» шығармалары.

Таңдаған шығармасы негізінде олар ұзақтығы 1-3 минут болатын бейнерецензия дайындау қажет болды. Қатысушылар шығарманың негізгі ойын ашып, мәтіннен кемінде екі мысал келтіріп, тұжырымын ортаға салуға тиіс.

Байқауға қатысу үшін тіркеліп, Instagram желісінде кітаптың атауы мен #oqitynult хэштегі көрсетілген жазба жариялау, содан кейін дәл осы хэштегпен бейнеролик жүктеу қажет.

Жұмыс төрт өлшем бойынша бағаланады: шығарманың мазмұнын түсіну, ойды дәлелдеу сапасы, дербес пайым жасау, баяндаудың логикасы мен анықтығы. Ең жоғары баға – 100 ұпай.

Байқаудың жүлде қоры – 400 мың теңге. Өтінім қабылдау 19 қазанда аяқталды. 20-22 қазан аралығында қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды бағалайды. Ал 23 қазанда жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.

Флешмоб пен әдеби чемпионат Алматыдағы Республика күнін мерекелеу бағдарламасына енді. Екі іс-шара да кітап оқу мәдениетін дамытуға, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға және алматылық жастарды білім беру мен қоғамдық жобаларға тартуға бағытталған.

 

 

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз