Былтыр Қазақстанда прокатқа 100-ден астам отандық фильм шықты. Елдегі киноиндустрияның даму қарқыны мен алдында тұрған мәселелерді Мәулен Әшімбаев жүргізген бағдарламада талқылады.
Талқылауға продюсер, сценарист, GGCinema компаниясының негізін қалаушы Гүлнұр Мамасарипова, Kinopark Theatres компаниясының негізін қалаушы Алмаз Малдыбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалды қатысты.
Гүлнұр Мамасарипованың айтуына қарағанда, қазір қазақстандық кино қарқынды дамып келеді. Ал Алмаз Малдыбаев кейінгі жылдары кинотеатр көрермендерінің жартысына жуығы отандық фильмдерді тамашалайтынын атап өтті.
Сонымен қатар пікірталасқа қатысушылар киноиндустрияның табысты дамуы тек премьералар саны мен кассалық түсімдерге байланысты емес екенін айтты. Ең бастысы — көрерменнің көңілінен шығып, оған әсер ете алатын сапалы туындылар жасау.
Азамат Сатыбалдының пікірінше, кино өнерінің басты міндеті — ең әуелі, көрерменге әсер ету.
Саладағы өзекті мәселелердің бірі ретінде кино көрсету инфрақұрылымының шектеулі екені аталды.
Алмаз Малдыбаевтың бағалауынша, Қазақстанның ішкі нарығын толық қамту үшін елде 2 мыңнан астам кинотеатр болуы қажет.
https://kaz.inform.kz/