Антибиотикті өз бетінше қабылдау несімен қауіпті

Антибиотикті өз бетінше қабылдау несімен қауіпті

фото: bkvet.ru

       Алматы №36 қалалық емхананың директоры Гүлжайнат Тілеген антибиотиктердің қаупіне байланысты түсініктеме берді.

       Оның айтуынша, суық тигенде тезірек сауығып кету үшін дәріханадан антибиотик сатып алуға асығатындар аз емес. Алайда антибиотик инфекцияның барлық түріне бірдей әсер етпейді. Оны дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.

       Ал мұрыннан су ағу, жөтел, тамақтың ауыруы және дене қызуының көтерілуі көбіне жіті респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) тән. Антибиотик бактерияға қарсы әсер етеді, бірақ вирусқа әсер етпейді. Сондықтан вирустық инфекция кезінде ол аурудың жазылуын жеделдетпейді.

- Антибиотикті орынсыз әрі дұрыс қолданбау бактерияның дәріге төзімдігін арттырады. Соның салдарынан инфекцияны емдеу қиындай түседі. Одан бөлек антибиотик аллергиялық реакция туғызып, ас қорыту жүйесінің жұмысын бұзуы және басқа да жағымсыз әсерге әкелуі мүмкін, - дейді Гүлжайнат Тілеген.

       Ол антибиотикті дәрігердің тағайындауынсыз қабылдауға, бұрынғы емнен қалған дәріні пайдалануға болмайтынын атап өтті.

       Айтуынша, дәрінің мөлшерін немесе емдеу курсының ұзақтығын өз бетінше өзгерту дұрыс емес. Ал вирустық инфекция кезінде тынығу, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу және ауру белгілерін жеңілдететін дәріні жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайына қарай қолдану керек.

- Егер науқастың жағдайы нашарласа, дене қызуы ұзақ уақыт бойы түспесе не жағдайы жақсарғаннан кейін ауру белгілері қайта пайда болса, дәрігерге қаралу қажет. Ал тыныс алу қиындаса, кеуде тұсы қатты ауырса немесе сана шатасса, шұғыл медициналық көмекке жүгіну керек. Әсіресе кішкентай балаларға, егде жастағы адамдарға және созылмалы ауруы бар науқастарға ерекше көңіл бөлген жөн, - деді дәрігер.

      https://kaz.inform.kz/



 

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз