Әлемде инфляциялық қысым күшейіп келеді

Әлемде инфляциялық қысым күшейіп келеді

фото: qyzylqoga.kz

       Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуі инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елордада өткен брифингте мәлімдеді.

       Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің жалғасуы тауар және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықты арттырған. Осыған байланысты Еуропа Орталық банкі мен АҚШ Федералды резервтік жүйесін қоса алғанда, бірқатар жетекші орталық банктер ақша-кредит саясатын қатаңдату шараларын қабылдаған.

       Ұлттық банк төрағасы әлемдік азық-түлік бағасының да өсіп келе жатқанын атап өтті. Қыркүйекте БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) азық-түлік бағалары индексі бір айда 1,5 пайызға, ал жылдық мәнде 5,8 пайызға өскен. Әсіресе астық, өсімдік майы мен қант бағасының өсуі байқалған. Ал еттің әлемдік бағасы біршама төмендеген.

      Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, қыркүйекте Ресейдегі инфляция 6,4 пайызға жеткен. Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтаған. Еуропалық одақта инфляция энергия көздері бағасының өсуіне байланысты 3,8 пайызға дейін жеделдеген. АҚШ-та да инфляция 3,7 пайызға дейін көтеріліп, оған, ең алдымен, бензин бағасының өсуі әсер еткен.

       Сонымен қатар әлемдік мұнай нарығындағы белгісіздік сақталып отыр. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 100 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасқан.

Әлемде инфляциялық қысым күшейіп келеді

       Бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған.

       Ақпарат дереккөзі:https://kaz.inform.kz/

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз