Қуыршақ театрының 91-ші маусымы 4 жаңа премьерамен ашылады

Қуыршақ театрының 91-ші маусымы 4 жаңа премьерамен ашылады

фото: Қуыршақ театры

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 91-ші маусымын жаңа шығармашылық жобалармен бастамақ. Өнер ордасы биылғы маусымда көрерменнің барлық жас ерекшелігін қамтитын, түрлі бағыттағы төрт жаңа қойылымды 15-18 қыркүйек аралығында өтетін премьералар апталығы аясында ұсынады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы  Baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Көрермен назарына 15 қыркүйек күні сағат 15:30-да «Алты жасар Алпамыс» спектаклі ұсынылады. Балаға арналған таңдаулы туындылар қатарындағы Абдолла Қарсақбаевтың көркем фильмі негізінде сахналанған адаптация алғаш рет қуыршақ бейнесінде театр сахнасына жол тартты.

Алты жасар Алпамыс

Фото: Қуыршақ театры

Қойылым білімге құштарлық пен арманға адалдықты арқау еткен. Спектакль бес жастан асқан көрермендерге арналған. Режиссері – Шохан Құлназаров, инсценировка авторы – Жазира Ахметова. Суретшісі – Юлия Чернова, музыкамен көркемдеуші – Давид Литвинов. Спектакльде Толқын Тілеулиева, Гүлім Рахимова, Рауан Укарова, Эльмира Құмарова, Мейірхан Батырханов, Ханшайым Серікова, Ұлан Адамбаев пен Бота Табылдиева ойнайды.

Ал ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта дәріптеуге арналған кезекті премьера – «Жақсылық пен жамандық» спектаклі. Премьерасы 16 қыркүйек күні сағат 14:00-де өтеді. Қойылымның мақсаты – жас көрерменге қазақ халқының рухани мұрасын таныстырып, оның ішінде қасиетті домбыра аспабының маңызын насихаттау.

«Жақсылық пен жамандық» спектаклінің режиссері – Антон Зайцев, инсценировка авторы – Назерке Ұзақбек. Қойылымның суретшісі – Юлия Чернова, композиторы – Альфия Земскова, хореографы – Салтанат Беймишева. Спектакльдегі рөлдерді Сабила Әбуева, Еркеш Жүнісова, Марал Тауекелова, Алтай Тауекелов, Эльвира Сүлейменова, Айдын Жақыпбаев, Гүлвира Бейсембаева, Ұлбосын Момынжанова, Гүлбаршын Өнімбай, Ерсұлтан Тезекбай, Ернар Оралов, Бақыт Дәулет, Лаура Айтқалиева және Жандос Тайлақов сомдайды.

Фото: Қуыршақ театры

91-маусымның тағы бір жаңа туындысы – «Taza.kz» қойылымы. Премьера уақыты – 17 қыркүйек, сағат 14:00. Бұл — алты жастан асқан көрерменге арналған буффонада жанрындағы туынды. Қойылым республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызын дәріптеуге бағытталған. Спектакль қоршаған ортаға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.

Қойылым режиссері әрі идея авторы – Алияр Нұрәділ, суретшісі – Юлия Чернова, хореографы – Меруерт Кализатова. Рөлдерді Бақытжан Қаюов, Әсемгүл Мансұрова, Арайлым Байырбекова, Ернар Оралов, Өркен Жұма, Дәулет Бақыт, Мадияр Ұлдахан және Аружан Әбдуғали сомдайды.

Алматы қаласының тарихы мен мәдени болмысын арқау ететін «Алматының алмасы» қойылымы да жаңа маусым премьералары қатарынан орын алды. Бұл қойылым 18 қыркүйек күні сағат 14:00-де премьералар апталығын тәмамдайды. Қойылым Алматы қаласының туған күніне орай ұсынылған. Шаһардың тарихын, ерекшелігін және туған жерге сүйіспеншілікті жас көрерменге ертегі әлемі арқылы таныстыруды көздейді.

Қойылым алты жастан асқан көрермендерге арналған. «Алматының алмасы» спектаклінің авторы әрі режиссері – Григорий Лайко, суретшісі – Ануар Бүркітбаев, композиторы – Давид Литвинов. Қойылымда екі актерлік құрам өнер көрсетеді. Бірінші құрамда Болат Момынжанов, Эльмира Құмарова, Мейірхан Батырханов, Дәулет Бақыт, Бота Табылдиева және Ұлан Адамбаев бар. Ал екінші құрамда Алтай Тәуекелов, Арайлым Байырбекова, Өркен Жұма, Ернар Оралов, Лаура Айтқалиева және Жандос Тайлақов ойнайды.

 

Материал baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз