Қазақстанда бағасы 1 АЕК-ке дейінгі, яғни 4 325 теңгеден аспайтын дәрілік заттар мемлекеттік баға реттеу жүйесінен шығарылады. Бұл санатқа 1 200-ден астам препарат кіреді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, бұл шара фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестікті дамытуға, дәрі-дәрмек түрлерін көбейтуге және олардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Енді аталған препараттардың бағасы сұраныс пен ұсынысқа қарай нарықтық тетіктер арқылы қалыптасады.
Жаңартылған тізімге сәйкес, мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілік заттардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқартылды.
Сонымен қатар дәрілердің бағасын бақылау жалғасады. Денсаулық сақтау министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, фармацевтикалық нарықтағы баға мониторингін күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл ретте дәрілерді таңбалау және қадағалау жүйесінің деректері де пайдаланылмақ.
2024 жылғы шілдеде дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау енгізілгелі бері жүйе арқылы шамамен 1,1 млрд қаптама өткізілген.
Егер дәрінің белгіленген шекті бөлшек бағадан қымбат сатылғаны анықталса, тұрғындар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағымдана алады. Ол үшін тауар чегі мен дәрінің қаптамасын растайтын материалдарды қоса тіркеу қажет.
https://24.kz/kz/