Жапонияның Нагоясында 2026 жылғы Азия ойындарына әзірлік аяқталып келеді. Қазақстан ұлттық құрамасы XX жазғы Азия ойындарына сақадай сай. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Олар осы додаға аттану үшін 226 оқу-жаттығу жиынына, 26 әлем және 37 Азия чемпионаты, сондай-ақ 148 халықаралық турнирге қатысқан. Сондықтан сары құрлық бәсекесінде бәсіміз жоғары болады деп сенеміз дейді, спорт сарапшылары. Ал, Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің айтуынша, азиадада ел намысын қорғайтын спортшыларымызды жетекші шетелдік мамандар тартылған. Бұл өзінің нәтижесін беруге тиіс. Әсіресе бокс, күрес түрлері, дзюдо, ескек есу, жүзу сынды спорт түрлерінен үздіктер қатарына енеміз деген үміт бар. Айта кету керек, Азия ойындары Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтеді. Оған Қазақстаннан 558 спортшы қатысып, спорттың 35 түрі бойынша бақ сынайды.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
Енді біздің негізгі мақсатымыз – алдыңғы, 2023 жылы өткен Азия ойындарындағы нәтижемізді жақсарту. Оған дейінгі Азия ойындарын бағамдасақ, біз алдыңғы қатарларда болған болатынбыз. Қазіргі кезде әлемде спортқа өте жоғары деңгейде назар аударылып жатыр. Бәсекелестердің қатары көбейіп келеді. Сондықтан біз де осы тұрғыдан келгенде, өзіміздің әлеуетімізді тағы бір мәрте дәлелдей білуіміз керек.
Ауқымды спорт шарасына дайындық тасқындарға, атлеттер ауылын салмауға қатысты сындарға душар болды. Енді бұл жаққа тайфун жақындап барады. Одан қорғануға да әзірлік жүріп жатыр.
Жалпы алғанда, алдағы турнирлердің қауіпсіздігін 10 мыңдай полицей қамтамасыз етпек. Өзге бір болжамдарға қарағанда, жауынды дауыл Нагояға 21 қыркүйекте соққы беруі ықтимал.
Анықтама:
20-шы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Бағдарламаға жеңіл атлетика, жүзу, футбол, теннис сияқты олимпиадалық спорт түрлерімен қатар, аймаққа тән немесе жаңа дисциплиналар да енгізілді. Олардың қатарында киберспорт, брейкинг, сепактакрау, ушу және кабадди бар. Сондай-ақ жарыстарға бокс, дзюдо, регби-7, ауыр атлетика, қазіргі бессайыс, семсерлесу, скейтбординг, ескек есу, желкенді спорт және жекпе-жек өнерлері (джиу-джитсу, кураш, ережесіз жекпе-жек) сияқты спорт түрлері де енді.
Айта кетейік, Жапония Азия ойындарын үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл ел 1958 жылы (Токио) және 1994 жылы (Хиросима) өткен ойындардың қожайыны болған еді, деп жазды olympic.kz.
Ақпарат olympic.kz, qazaqstan.tv сайттарынан алынды.