Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық теннисші Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

"Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі", – деп жазылған құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді, деп жазды Tengri Sport Ақордаға сілтеме жасап.

Елена Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингін бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл US Open турнирінің ширек финалында қытайлық Чжэн Циньвэнді жеңгеннен кейін мүмкін болды. Қазақстандық теннисші рейтингте беларусь спортшысы Арина Соболенкодан озып кетті.

Бұл – Қазақстан спорты үшін тарихи жетістік

 Бұған дейін еліміздің бірде-бір өкілі жекелей сында WTA немесе ATP әлемдік рейтингінің бірінші сатысына көтерілмеген, деп жазды baribar.kz.

Рыбакина қазір жекелей сында WTA турнирлерінде 13 титул жеңіп алған. Оның еншісінде «Үлкен дулыға» санатындағы екі жеңіс бар. Қазақстандық спортшы 2022 жылы Уимблдон турнирінде алғаш рет «Үлкен дулыға» чемпионы атанды. Ал 2026 жылы Australian Open жарысында топ жарды.

2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде де Рыбакина жеңімпаз атанды. Ол жарыста бірде-бір рет жеңілмей, бес матчтың барлығында жеңіске жетті. Финалда сол кезде әлемдік рейтиңде бірінші орында тұрған Арина Соболенкодан басым түсті.

13 титул және әлем рейтиңіндегі бірінші орын

Рыбакина WTA 1000 санатындағы екі турнирде – 2023 жылы Индиан-Уэллс пен Римде чемпион атанды. Сонымен қатар WTA 500 санатындағы жарыстарда алты рет, WTA 250 турнирлерінде екі рет жеңіске жетті.

Қазақстандық теннисші кәсіпқой турдағы алғашқы титулын 2019 жылы Бухарестте жеңіп алған. Осыдан кейін ол әлемдік теннистің үздік ойыншыларының біріне айналып, екі дүркін «Үлкен дулыға» чемпионы, WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы және әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

 

Ақпарат baribar.kz, Tengri Sport  сайттарынан алынды. 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз