1-7 қазан аралығында Астанада Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы, қазақ киносының аңызға айналған Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалі өтеді.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын өнер додасына Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан театрлары қатысады. Фестивальдің басты мақсаты – Меруерт Өтекешеваның ұлттық өнерге сіңірген еңбегін дәріптеу, шығармашылық мұрасын кейінгі буынға таныту және халықаралық театр байланыстарын нығайту.
Жеті күнге жоспарланған фестиваль бағдарламасында драмалық қойылымдармен қатар музыкалық драма, хорео-драма, перформанс және заманауи балет жанрларындағы спектакльдер көрермен назарына ұсынылады.
Фестиваль шымылдығын С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театры Уильям Шекспирдің «Макбет» трагедиясымен ашады. Ал кешкі бағдарламада Музыкалық жас көрермен театры Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін ұсынады.
Келесі күндері елорда сахналарында «Томирис», «Той», «Выстрел на перевале Караш», «Жәмила», «Анна Каренина. Роман парақтары», «Танакөз», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Шәкәрім», «Ұлпан», «Қаралы сұлу» секілді қойылымдар көрсетіледі. Шетелдік театрлардың спектакльдері де фестиваль бағдарламасының мазмұнын байыта түседі.
Фестивальдің қорытынды күні – 7 қазанда Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Одан кейін фестивальдің жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Өнер мерекесінің шарықтау шегі – Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кеш. Бұл кеш актрисаның сахна мен экрандағы жарты ғасырдан астам шығармашылық жолына тағзым ететін ерекше мәдени шара болмақ.
Меруерт Өтекешеваның есімі қазақ көрерменінің жадында ең алдымен «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен мәңгілікке қалды. Актриса сомдаған бұл кейіпкер ұлттық кино өнерінің көркем символдарының біріне айналды.
«ТЕАТР ALL» фестивалі – театр өнерінің түрлі буын өкілдерін тоғыстырып, ұлттық сахна дәстүрін халықаралық шығармашылық үдеріс аясында танытатын мәдени диалог алаңы.