Тарихта алғаш рет адам миына ЖИ арқылы ота жасалды

Тарихта алғаш рет адам миына ЖИ арқылы ота жасалды

фото: pixabay.com

Дәрігерлер алғаш рет жасанды интеллект арқылы адам миына операция жасады. Бәрі сәтті өтіп, науқастың миындағы ісік алынды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

ЖИ операцияда түсірілген бейнені талдады

ВВС мәліметінше, бір науқас миына операция жасатпаса, көру қабілетінен айырылуы мүмкін еді. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, жасанды интеллект операцияда түсірілген бейнені талдап, мидағы көзге көрінбейтін қан тамырлары мен жүйке жүйесіне зақым келтірмеуге көмектескен. Осылайша, хирург дәрігер ісікті қауіпсіз түрде алып тастады. Демек ЖИ-дің қызметі — дәрігерге бағыт-бағдар беріп, ісіктің айналасындағы қан тамырын, жүйке жүйесін көрсетіп, ісікті қай тұстан алу керек екенін анықтау.

11 мм қатерсіз ісік

48 жастағы ер адам күн сайын түскі үзілісте шамамен үш шақырым жаяу жүретін. Алайда серуендеп жүрген кезде көшеде есінен танып қалған. Тексеру кезінде науқастың миындағы гипофизден көлемі 11 мм қатерсіз ісік анықталды. Ісік миды қанмен қамтамасыз ететін маңызды тамырға, көруге жауапты жүйке жүйесіне жақын орналасқан. Кейін көру жүйкесіне қысым түсіп, науқастың көру аймағы тарылған.

  • Гипофиз – бас сүйегінің түбінде орналасқан без. Бұл без өсу, зат алмасу, қан қысымы мен дене температурасын реттеу үдерісіне гормон бөлуге жауапты.

Операциядан кейін науқас айналасын 360 градус көріп тұрғандай күй кешті. Ол бір жарым жыл бойы бұлай анық көре алмағанын айтты.

Бұл жобаны Google қаржыландырған

Дәрігер науқастың қауіпсіздігі мен денсаулығы тұрғысынан ЖИ-ді пайдалану тиімді екенін айтты. Жасанды интеллект тек көмекші құрал. Ал маңызды шешімді хирург қана қабылдайды. Бұл жобаны Ұлыбританияның денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласындағы ұлттық зерттеулер институты мен Google қаржыландырған. Ғалымдар жасанды интеллект технологиясын бірнеше жыл бойы зертханада сынақтан өткізіп келеді. Алғашқы нақты операция сәтті өтті. Енді олар зерттеу ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз