Іле-Балқаштағы жолбарыстың жаңа тынысы

Іле-Балқаштағы жолбарыстың жаңа тынысы

фото: baq.kz

       Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген Үміт табиғи ортаға біртіндеп бейімделіп келеді. Соңғы күндердегі бақылау оның өздігінен қорек таба бастағанын көрсеткен. Жыртқыш алдымен қасқыр, кейін қабан аулап, табиғи тіршілікке бейімделуінің алғашқы белгілерін танытқан.

       Жолбарыстың жағдайы тәулік бойы арнайы GPS-трекер арқылы бақылауда. Оның жүрген бағыты туралы ақпарат тұрақты түсіп отырады. Ал нақты қандай аңды аулағаны жергілікті мамандардың мониторингі арқылы анықталады. Мамандар Үміттің денсаулығы жақсы екенін айтып отыр.

       Жалпы, Үміттің Қазақстанға оралуы – жолбарысты Іле-Балқаш өңіріне қайта жерсіндіруге бағытталған ұзақ мерзімді жобаның бір бөлігі. Бұл бастама бойынша жұмыстар он жылдан астам уақыт бұрын басталып, осы аралықта резерваттың табиғи ортасы қалыптастырылып, жабайы жануарлардың қоректік қоры көбейтілген.

       Үміт мекендеп жүрген аумақ та арнайы бақылауда. Резерваттың кеңістігі қауіп деңгейіне қарай бірнеше аймаққа бөлінген. Қазір жолбарыс елді мекендерге қауіп төндірмейтін аумақта жүр. Мамандар оның қозғалысын үздіксіз қадағалап, қажет болған жағдайда жыртқышты қауіпсіз аймаққа бағыттайтын арнайы шараларға дайын.

       Ал мамандар үшін Үміттің табиғи ортада өз қорегін өзі тауып, аң аулауы – маңызды белгі. Бұл оның жаңа мекеніне сіңісіп, жабайы табиғаттағы тіршілігін бастауға бейімделіп келе жатқанын аңғартады. Қазақстан табиғатына қайта табан тіреген жолбарыстың тағдыры енді табиғат пен адам арасындағы үйлесімге байланысты болмақ.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз