Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жоғары оқу орнына құжат тапсырған талапкерлер үшін маңызды жаңалық. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады.
Комиссия талапкерлердің өтініштерін қарап, ендігі кезеңде гранттар ҰБТ нәтижесі мен конкурстық талаптарға сәйкес бөлінеді. Биыл грант конкурсына 127 мыңнан астам өтінім түскен. Ең көп таңдалған бағыттардың қатарында педагогика, инженерлік және құрылыс мамандықтары, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бар.
Ал ең жоғары бәсеке аударма ісі, халықаралық қатынастар, құқық, психология және педагогика бағыттарында болады деп күтілуде.
Грант иегерлерінің ресми тізімі 10 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі, министр Саясат Нұрбектің және Ұлттық тестілеу орталығының ресми әлеуметтік желі парақшаларында жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.