Людвиг-Максимилиан атындағы Мюнхен университетінің зерттеушілері адам жасушаларынан ми тінінің үш өлшемді моделін жасап шығарды, деп хабарлайды Tengri Health.
DW Telegram-арнасының мәліметінше, бұл модель зертханалық жағдайда Альцгеймер ауруына байланысты процестерді бақылауға және жаңа дәрілердің әсерін тексеруге мүмкіндік береді, деп жазды kaz.tengrinews.kz.
"Модель көлемі түйреуіш басының жартысындай болатын кіп-кішкентай тіндік сфероидтардан тұрады. Онда ми жасушаларының үш маңызды түрі - нейрондар, астроциттер және микроглиялар біріктірілген. Соның арқасында ғалымдар жасушалардың өзара әрекеттесуін және патологиялық өзгерістердің қалай дамитынын зерттей алады", - делінген жарияланымда.
Зерттеушілер бұл жүйеде Альцгеймер ауруына тән белгілерді, соның ішінде амилоидты түйіндердің түзілуін және тау-ақуызының өзгерістерін қайта жаңғырта алды. Жоба авторларының айтуынша, бұл ауру механизмдерін жақсырақ түсінуге және емдеудің тиімді әдістерін іздеуді тездетуге көмектесуі мүмкін.
Ғалымдар жаңа модельдің тышқандарға жүргізілетін тәжірибелерден артықшылығы бар деп санайды, өйткені ол адам жасушаларынан тұрады. Технология әлі де жетілдіруді қажет еткенімен, әзірлеушілер болашақта бұл фармацевтикалық компанияларға Альцгеймер ауруына шалдыққан пациенттер үшін шынымен тиімді препараттар жасауға көмектеседі деп үміттенеді.
Ақпарат kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды.