Құзырлы органдар сауда нысандарын жаппай бақылауға алып жатыр.
Берілмеген қарапайым бір ғана чектің кесірінен отандық ретейл мен қызмет көрсету саласы қыруар қаржылық шығынға ұшырауы ғажап емес.
Елордадағы ірі сауда желісі гипермаркетінің қызметкері Маржан көп жағдайда чектің берілмеуіне сатып алушылардың өздері кінәлі екеніне назар аудартты. Олар оны сұрауға не мән бермейді, немесе ұмытып кетеді.
"Дүкен қожайындары чектің берілуіне өздері мүдделі. Өйткені бір жағынан, осы арқылы салық органдарының қудалауынан құтылады. Екінші жағынан, ары таза емес сатушылардың ұрлығының алдын алады. Сатып алушылар болса, сол бір тілім қағазды әдейі бермей, тығып қалады деп ойлайды. Біз болсақ, "Чекті алыңыз!" деп, бұл сөзді ауысым кезінде тоты құсша мың рет қайталаймыз. Сонда 90 пайыз жағдайда: "Жоқ, өзіңізде қалдырыңыз!" деп кетіп қалады. Жұрт қоқыс жәшігіне дейін екі метр қадам басуға ерінеді. Сондықтан біз ол чектерді пакет-пакет етіп жинап, өзіміз жоятынбыз", – дейді кассир.
Оның түсіндіруінше, енді ел тастап кеткен чектерді жоймай, жинап қою туралы тапсырма келіпті. Маржан осы қағазға бола, тек салықшылардан ғана емес, сатып алушылардан да құқай көретіндерін жасырмады. Әңгімелеуінше, бірде гипермаркетке төртбақ денелі ер адам ентелей кіріп, шу шығарыпты.
"Қарасам, көздері от шашып тұр, жұдырығын түйіп алған. Ұрып жібермес пе деп қорқып қалдым. Келе сала, бүкіл гипермаркетті басына көтеріп, айқайлай бастады: "Әйеліме таңертең чек бермегенің қайсың? Мен полиция шақырамын. Мемлекеттік кірістер комитетіне шағым түсіріп, бәріңді айыппұлдың астында қалдырамын! Құртамын, жоямын" деп әкіреңдейді. Бұл неткен адал салық төлеуші деп тамсана жүріп, аға кассирді, әкімшіні, "СБ"-ны жинадық", – дейді Маржан.
Ол әрбір кассаның үстінде бейнекамера тұратынын еске салды. Жаңа ереже бойынша, егер ол істемесе, касса да ашыла алмайды. Содан видеоархивті ақтарып, тұтынушы көрсеткен уақытты тауып, бейнебақылау камераларының жазбаларын қарайды.
"Ол өз әйелін жазбай таныды, сүйкімді әйел екен. Кассир тауарды өткізіп, фискалды чекті ұсынды. Әйел тездетіп пакеттерін алып, кері бұрылып, асыға шығып кетеді. Кассир оның чегін ақырын ғана қоқыс себетіне лақтыра салды. Осы видеоны көрген соң отағасының ашуы басылды. Қаһарынан қайтып, бірдемені мұрнының астынан міңгірлеп, сыртқа беттеді. "Полиция шақырайық та?!" деймін оған. Қолын бір сілтеді. Ол өз отбасында шағын "тоталитаризм" орнатқан екен. Әйелінен әрбір сатып алған затына чек әкеліп, берген ақшасын қайда жұмсайтынына есеп беруді талап етеді екен", – дейді Маржан.
Зайыбы сол жолы оның "алтын ережесін" ұстануды ұмытып кетіп, үйіне чексіз кетіп қалған. Ерінен сол үшін сөгіс естіген соң, басын қорғаштап, "Ой, маған кассада чек бермеді" деп өтірік айта салса керек.
Қазақстанда сауда саласына бақылау күшейтілуде
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: ҚР жаңа Салық кодексінің 110-бабының 1-тармағына сәйкес, кәсіпкерлер деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын (онлайн-кассаларды) қолдануға міндетті. Аппараттардың үлгілері kgd.gov.kz ресми сайтындағы мемлекеттік тізілімге енгізілген болуға тиіс.
Стандартты құрылғылардың баламасы ретінде бизнес заманауи бағдарламалық немесе біріктірілген кассалық жүйелерді пайдалануға да құқылы. Жеңілдік тек телекоммуникация желісі мен интернеті мүлде жоқ шалғай нүктелерге, мысалы, қала шетіндегі не ауылдардағы базарларға ғана жасалған: ол жерде заң онлайн-деректерді беру функциясы жоқ, қарапайым БКМ-ді қолдануға рұқсат береді.
Заңнаманың басты талабы – кәсіпкерлер тұтынушының тауар немесе қызмет үшін төлеген сомасына тең сомада чек беру. Бұл ретте сатып алушының сұрауы бойынша құжатта оның сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН) міндетті түрде көрсетілуі шарт.
"Ұмытшақтық" құны
2026 жылы берілмеген чектің айыппұлы қанша?
Қазақстанда БКМ қолдануға бақылауды күшейту аясында "ұмытылған" чек үшін енді айыппұл түріндегі жаза қарастырылған. Салықшылар енді есеп айырысу кезінде БКМ пайдалануды қатаң мониторингтейді. Бұл ретте қолма-қол төлемдер де, банк карталары арқылы жасалатын транзакциялар да қадағаланады. Бастапқы бұзушылық үшін бизнес тек ескертумен құтылады. Алайда бір жыл ішінде қайтадан заң бұзса, санкциялар ауырлайды:
БКМ-ді қолданбау, сондай-ақ ақауы бар немесе есепке қойылмаған аппаратты пайдалану 30-дан 50 АЕК-ке дейін (2026 жылы бұл 129 750 бен 216 250 теңге аралығы) айыппұл салуға әкеп соғады.
Чек бермеу 20-дан 40 АЕК-ке дейін (2026 жылы – 86 500 бен 173 000 теңге аралығында) айыппұлмен жазаланады.
Сомасы қате көрсетілген чекті беру – ұқсас айыппұл (86 500 – 173 000 теңге).
Бизнес үшін маңыздысы сол, аппараттарды жаңғырту және чектердегі деректемелерді жаңарту мәселелері бойынша кәсіпкерлер БКМ-ге техникалық қызмет көрсету орталықтарына (ТҚО) немесе өздерінің фискалдық деректер операторларының (ФДО) контакт-орталықтарына, қолдау қызметіне хабарласуы қажет.
Азаматтар үшін маңыздысы сол, Uchet.kz порталы жазғандай, егер чек беруден бас тартылса, сауда нүктесі орналасқан жер бойынша мемлекеттік кірістер органдарына шағым жазуға әрбір тұтынушының заңды құқығы бар.
Есте сақтау қажет жайттар:
төлемнің кез келген түрінде (қолма-қол және карта) чек беру енді міндетті болып табылады;
БКМ онлайн режимінде қосылып, қашықтан дерек беруге және тізілімге енгізілуге тиіс;
клиенттің талабы бойынша чекте оның ЖСН/БСН-і көрсетіледі (мысалы, салықтық шегерім жасау үшін бухгалтерияға тапсыруына керек);
чек беруден бас тарту – азаматтың салық органына жүгінуіне тікелей себеп.
POS-терминал мен кассалық аппарат интеграциясы басталды
Таяуда Қазақстанда барлық POS-терминалдар мен өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары ресми түрде стандартты БКМ-ге теңестірілді. Қазіргі уақытта елімізде 1,2 млн-нан астам бақылау-касса машинасы (БКМ) жұмыс істейді, оның ішінде 96 пайызы немесе шамамен 1 млн 140 мыңы онлайн-БКМ, деп хабарлады Мемкірістер комитеті.
"Онлайн-БКМ-ді POS-терминалдармен біріктіру жөніндегі іс-шаралар жоспары" аясында салық қызметкерлері екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, интеграция жұмыстарын жүргізіп қойды.
Бұл жаңа шешім БКМ функцияларын POS-терминалдармен және Ұлттық тауарлар каталогының (ҰТК) және таңбаланған тауарлардың штрихкодтарын оқуға арналған сканерлермен біріктіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, БКМ және POS-терминалдардың үлгілерінде біріктірілген режимде жұмыс істеу және төлем туралы ақпаратты бір кассалық чекте басып шығару мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, бизнестің операциялық шығындарын азайту мақсатында, Мемкірістер комитеті БКМ пайдалану кезінде фискалдық чектерді тікелей салық органына тегін жіберуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске қосуда.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz