Бауырды зақымдайтын В гепатитінің алдын алыңыз

Бауырды зақымдайтын В гепатитінің алдын алыңыз

фото: pexels.com

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады

 

Вирусты «В» гепатитінің алдын алу

 Вирусты В гепатиті - бауырды зақымдайтын, В гепатиті вирусынан  туындайтын жұқпалы ауру. Уақтылы анықталмаған және емделмеген жағдайда созылмалы В гепатиті бауыр циррозына және бауырдың қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін.

 Алматы қаласында вирусты В гепатиті бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2026 жылдың 6 айында ересек тұрғындар арасында алғаш рет анықталған дельта-белгісі жоқ созылмалы вирустық гепатит В 9 жағдайы тіркелді.

 Инфекция көзі - жедел және созылмалы гепатиттің барлық түрлерімен ауыратын науқастар мен вирустың тасымалдаушылары. В гепатитінің вирустары ағзаға гематогендік жолмен (қан арқылы), жыныстық, перинаталдық (анадан балаға жатырда немесе туылған кезде) және тұрмыстық жолмен енеді. В гепатит вирусы - әртүрлі физикалық және химиялық факторларға төзімді, сыртқы ортада, мысалы, ұстарада, шприцте, инъекциялық инелерде, қанмен ластанған заттарда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.

 В вирусты гепатитінің клиникалық белгілері, инкубациялық кезең орташа есеппен 60-90 (15-180) күнді құрайды. Ауру сарғаюмен немесе сарғаюсыз жүреді. 

Аурудың жедел кезеңінде науқастың тері жабындылары мен көздің ақ қабығы сарғаяды, зәр түсі қоюланады, нәжіс түссізденеді. Кейбір жағдайларда қатты қышынумен қатар жүретін бөртпе пайда болып, жалпы жағдайы нашарлайды.

 В гепатитінен қорғанудың жалғыз жолы - вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес В вирустық гепатитіне қарсы вакцинация үш рет жүргізіледі: бірінші доза перзентханада жаңа туған нәрестеге өмірінің алғашқы 12 сағаты ішінде, екіншісі - 2 ай жасында, үшіншісі - 4 ай жасында енгізіледі.

 Тәуекел тобындағы адамдар, науқаспен байланыста болған адамдар, медицина қызметкерлері, қанның, оның компоненттері мен препараттарының реципиенттері, АИТВ-инфекциясы алғаш рет анықталған адамдар, гемодиализ және тіндер мен мүшелерді трансплантациялауға жататын тұлғалар В вирусты гепатитіне қарсы вакцинацияға жатады.

 Вирусты гепатит В инфекциясының жұқтыру қаупін төмендету шаралары:

 - уақытылы вакцинацияны алу;

 - жұқтырған адамның жеке гигиеналық заттарын пайдаланбау - ұстара, тіс щеткалары, тырнақ қайшылары;

 - сұлулық салондарында кез-келген процедуралар тек стерильді жабдықпен жасалуы керек;

 - татуировка, пирсинг және хиджама жасауды тек құралдардың стерильдігі талаптарын сақтайтын мекемелерде жүргізу керек;

 - инъекциялық есірткі заттарын қолданбау;

 - бей-берекетсіз жыныстық қатынастан аулақ болу, жыныстық қатынас кезінде контрацепцияның бөгеттік әдістерін (презервативтерді) пайдалану;

 - кез-келген кесілген жерді немесе ашық жарақатты жабу.

 В гепатитіне тән белгілер пайда болған жағдайда, медициналық көмек алу үшін дер кезінде медициналық ұйымға жүгіну қажет, өздігінен емделуге болмайды.

 

Есіңізде болсын, ерте анықтау және емдеу - кеш болғаннан әлдеқайда жақсы.

 

 Спикер: Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының міндетін атқарушы Каткенова Гаухар Сұлтанқызы.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз