Астана – есірткісіз қала

Астана – есірткісіз қала

фото: акимат Астаны

     Қоғам қауіпсіздігі мен ұрпақ саулығы – қашанда назардағы мәселе. Осы бағытта елордада ерекше бастама қолға алынып, еліміздегі алғашқы есірткіге қарсы тақырыптық пойыз жолға шықты.

     Астана – Бурабай бағыты бойынша күн сайын қатынайтын пойыздың вагондары есірткіден бас тартуға, заңды сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін ақпараттармен безендірілген. Жолаушыларға көмек көрсететін қызметтердің байланыс нөмірлері бар арнайы жадынамалар да таратылды.

     Жобаның таныстырылымы «Нұрлы жол» вокзалында өтіп, оған полиция қызметкерлері, еріктілер, спортшылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Вокзалда есірткінің зардабын түсіндіретін бейнероликтер көрсетіліп, көрме мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылды.

     Шара барысында полицияның кинологиялық қызметі арнайы үйретілген иттердің жұмысын таныстырды. Ал робот-ит көпшіліктің қызығушылығын оятты. Мамандар мұндай жұмыстардың мақсаты – жастарға қауіптің алдын алып қана қоймай, салауатты өмір салтын таңдаудың маңызын заманауи тәсілмен жеткізу екенін айтады.

     Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жыл басынан бері Астанада бес жүзден астам профилактикалық шара өткізілген. Ал жаңа пойыз «Астана – есірткісіз қала» бастамасы аясындағы жұмыстарды жалғастырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналып отыр.

     https://kaz.inform.kz/

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз