2026 жылдың 5 тамыз күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясының академигі Нұрболат Ысқақовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Шыңмен сырласқан қылқалам» атты ретроспективті көрмесі ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Аталмыш көрме суретшінің әр кезеңде жазылған туындыларын бір кеңістікте тоғыстырып, оның шығармашылық жолының негізгі белестерін таныстырмақ. Нұрболат Ысқақовтың шығармашылығында бірнеше жылдар бойы басты тақырыпқа айналған Хан Тәңірі шыңының бейнесі бұл экспозицияның негізі болмақ. Суретші Аспантауды туған жерінің символы ретінде бейнелеп, әр туындысында оның жаңа реңдік әрі эмоционалдық қырларын ашып келеді.
Экспозицияда Райымбек ауданының әртүрлі нүктелерінен бейнеленген Хан Тәңірінің сан алуан көріністері, туған өлкенің пейзаждары, қазақ ауылының тыныс-тіршілігіне арналған жанрлық композициялар, сондай-ақ суретшінің отбасылық мұрағатынан алынған фотосуреттер ұсынылады.
Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған суретші ұзақ жылдар бойы туған жері Нарынқолдағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектепте бейнелеу өнерінен дәріс бере жүріп, кескіндемемен қатар айналысты. Оның қайталанбас көркемдік әлемі дәл осы Тянь-Шань тауларының баурайында қалыптасқанын атап өткен жөн.
Суретшінің кескіндемелік тілінің өзіндік ерекшелігі бұл көрмеде айқын көрініс табады. Оның туындыларында түстің қанықтығы бірден көзге түседі. Суретші таулар мен жоталардың монументалды болмысын ең алдымен түстің қуаты арқылы беріп, көрермен назарын асқақ шыңдарға бағыттайды. Нұрболат Ысқақов шығармаларында ультрамарин мұздықтар, зүбәржаттай жасыл шыршалар, лимон түстес алқаптар мен қардағы қызғылт-күлгін реңктер өзіндік декоративтік түстік жүйе құрайды.
Нұрболат Ысқақовтың Хан Тәңірі бейнесіне жылдар бойы қайта-қайта оралуы еріксіз Поль Сезаннның ондаған жылдар бойы Сент-Виктуар тауын қайталай бейнелеген шығармашылық ізденістерін еске түсіреді. Алайда қазақстандық суретші үшін Хан Тәңірі тек кескіндемелік ізденістің нысаны ғана емес, туған жердің және рухани болмысының символына айналып үлгерген.
Экспозиция тамыз айының 18 дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі - Санжар Сырғабаев
«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері